Ақмешіт үңгірі Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан. Ол Шымкент қаласынан шамамен 80 шақырым қашықтықта. Үңгірдің ұзындығы — 254 метр, ені — 65 метр, ал тереңдігі — 25 метр. Оның ішіне кіру үшін арнайы жасалған саты арқылы төмен түсу керек. Ішінен қарағанда ернеуі киіз үйдің шаңырағын еске салады.
Неге Ақмешіт аталған?
Үңгірдің неге бұлай аталуына байланысты ел ішінде көптеген аңыздар бар. Солардың бірінде онда бір әулие әулетімен киіз үй тігіп тұрғаны жөнінде баяндалса, тағы бірінде бұл үңгір жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ әйелдері мен балаларына пана болғандығы туралы айтылады.
Енді бір аңызда көне заманда бұл зұлым айдаһардың үңгірі болған деп айтылады. Ол адамдар мен малға шабуыл жасапты. Айдаһар шықпақ болып қанатын жайғанда үңгірдің аузын бұзып кеңейтіп отырған-мыс. Бір күні осы өңірге Сүлеймен пайғамбар келіп, айдаһарды шынжырлап тастайды. Осыдан кейін аждаһаның қанша жыл өмір сүргені туралы аңыздар ештеңе айтпаса да, ұйықтаған жері сақталып қалған. Бұл — үңгірдің ортасындағы күн түсетін дөңнің үсті-мыс.
Ең көңілге қонымды нұсқаларының бірі — Есіркеп Қойкелді батырдың қалмаққа қарсы жинаған қолы туралы. Олар он мың әскерімен ұрысқа аттанғалы жатқанда нөсер жауып кетеді. Сарбаздар жаңбыр астында таңғы намазды оқи алмайды. Сосын үңгірге түсіп, бәрі қатарласа тұрып, намазға жығылады. Үңгірдің кереметтілігіне таң-тамаша болған сарбаздардың бірі бұл үңгірді Есіркеп немесе Қойкелді деп атайық деп ұсыныс білдіреді. Сонда қолбасшы қарсы болып: «Бұл үңгір қасиетті, он мыңнан астам бізге таңғы намазымызды оқуға мүмкіндік берді. Сәждеге бірдей бас қоя алдық. Аппақ тастары да ғажап әсер сыйлайды екен. Бұл жерді Ақмешіт деп атайық, Ақмешіт болсын»,- деген екен.
Үңгір несімен ерекше?
Ел арасында аталған үңгірдің тіл, көз, дуа сынды жағымсыз энергетикадан тазартатыны туралы сенім бар. Оны геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген ғалым, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мұсатілла Тоқанов та растайды.
Сонымен бірге мұнда перзент сүюді армандайтын ерлі-зайыптылар, ауруынан айығуды тілеген адамдар да келеді. Олар тілектерін тілеп, дұғаларын оқып болған соң, тастарды бірінің үстіне бірін қалап кетуді әдетке айналдырған. Бұл «дұғам тез қабыл болса екен» деген тілектен шыққан екен.
Үңгірде шырақшы бар. Ол зиярат етушілерге үңгірді таныстырып, құран бағыштап береді.
Бір қызығы, үңгірдің ішіндегі ауа температурасы қызы-жазы 9-15 градус болып тұрады. Ішіндегі флорасы да ерекше. Мұнда жасыл жапырағы жайқалып, бірнеше ағаш өскен. Бұндай ағаштар үңгірден басқа маңайда жоқ. Сонымен бірге үңгірдің төбесінен анда-санда тамшы тамып тұрады. Жергілікті жұрт оны «Ақ Молданың көз жасы» деп атап кеткен. Осы тамшылар үңгірдегі өсімдіктерге нәр береді. Кей кезде үңгір ішінде құстардың әні естіледі. Осының бәрі үңгірдің сән-салтанатын арттырып, оның киелі жер екенін айғақтай түсетіндей.
Үңгірге қалай баруға болады?
Ақмешітке бару жолдары әртүрлі. Ол үшін бірінші Шымкент қаласына жетіп алу керек. Оған ұшақпен, пойызбен, автобуспен, тіпті жеке көлікпен баруға да болады.
Ұшақпен баруды қаласаңыз, билетті Шымкент қаласына дейін аласыз. Ұшу ұзақтығы бір сағатты құрайды. Әуежайдан ары қарай үңгірге дейін шамамен 84,5 шақырым жол бар. Оған таксимен 1,5-2 сағатта жетуге болады. Жолай Теспе, Құтарыс, Жыланды, Боралдай, Ақбастау, тағы басқа ауылдарын басып өтесіз. Жол бойында тұрған арқардың мүсінінен оң жаққа бұрылып, Қостұраға қарай жүру керек. Ар жағында үңгірге қарай бағыттайтын жол белгісі болады.
Шымкентке пойызбен баруға да болады. Билетті Шымкент қаласына дейін аласыз да, ары қарай жоғарыда көрсетілгендей не таксимен, не автобуспен жетесіз.
Бұдан бөлек, Астана немесе Алматы қалаларынан жеке көлік жалдап шығуға болады. Үңгір Алматыдан 733 шақырым жерде орналасқан. Оған шамамен 8-10 сағатта жете аласыз.
Қайда тоқтауға болады?
Ақмешіт үңгірі Шымкенттен қатты алыс емес. Сол себепті жолдан шаршап келгенде қайда тоқтауға болатынын ойлап, алаңдаудың қажеті жоқ. Қалада қонақ үйлер мен хостелдер көп. Бағалары әртүрлі. Одан бөлек, Бәйдібек ауданында үңгірге зиярат етіп келушілерге үйін жалға беретіндер де бар.