— Қай адам болмасын, өзі туралы басына ой келгенде ең алдымен кіндік қаны тамған туған жерін, ел-жұртын көз алдына елестетеді. Ендеше, әңгімеміздің төркінін туып-өскен жеріңіз, өсіп-өнген ортаңыздан бастасақ…

— Алатаудың етегі, Хантәңірінің баурайы, батырлар мен ақындар шыққан құтты мекен – Алматы облысы, бұрынғы Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауданы), Шырғанақ елді мекені, Көкпияз ауылында 1967 жылы, 3 мамырда дүниеге келгенмін. Қарт Алатау, оның бергі жағында еліміздің ең биік шыңы Хан-Тәңірінің бауырындағы 70-80-дей ғана түтіні бар, ұлтарақтай ғана Көкпияз ауылында балалық шағым өтті. Көкпияз атына заты сай шағын ғана кілең қазақтар тұратын қазақи ауыл болатын.

Қандай да ауылды абыз-қарттарсыз елестету мүмкін емес. Біздің де ауылымызда көпті көрген көнекөз қарттарымыз болды. Ауылдың абыздары десек те болады. Кейде жасы үлкендердің көбісін қарт деп жатамыз. Менің ұғымымда сол үлкендеріміз қарт емес, яғни, 70-80-дегі аталарымыз салиқалы, салмақты әңгіменің майын тамызып жеткізе білетін, шежірені тарихшылардай қолмен қойғандай етіп тарата білетін, өткен өміріндегі көрген-түйгендерін бүгінгі күнмен сабақтастыра отырып соның үлгісін көрсете алатын ғұлама жандар екен. Оқусыз-ақ осындай қарт болу үшін де үлкен өмір, терең пайым, табанды еңбек керек екен-ау…

Әкем Өмірәлі мен анам Ұлдахан тоғыз ұл-қызды дүниеге әкелген, бүгінде ұлын ұяға ұшырып, қызын қияға қондырған жандар. Бәрімізді оқытты, жоғары білім әперді. Әкемнің дүниеден өткеніне де біраз уақыт болыпты. Қара домбыраны әкеміздің тізесінде отырып үйрендік. Менің анам Мұқағалидың тұқымынан. Әнді керемет айтады. Сондықтан болар, бойымыздағы өнерді өз жұртымыздан немесе нағашы жұртымыздан келді деп басып айта алмаймыз, бұл да болса Алланың нәсібі деп қабылдаймын.

Бір құрсақтан тоғыз перзентпіз

Біз енді бір құрсақтан тоғыз перзентпіз. Төртеуміз ұл, қалғаны қыз балалар. Роза есімді үлкен әпкем мен Роман есімді үлкен ағам өнер жолына түскен жоқ. Алматыға келіп, алғаш өнер саласына бет бұрған мен. Ал менен кейінгі Ерлан, Тамара, Толқын, Сандуғаш, Индира, Ержан атты іні-қарындастарым артымнан ілесіп кетті. Жоғарыда айтып өткенімдей, кішкентай ғана жетпіс түтіні жанған ауылда тұрдым. Бірақ сол ауылдың ішінен керемет өнерпаз, дарын иелері шықты. Ауылдағы ақсақалдарымыз әңгіме айтқан да аузымызды ашып, ұйып тыңдайтынбыз. Шындығында, бізді тәрбиелеген ата-аналарымыздан бөлек ауыл ақсақалдарының дана сөздері. 1984 жылы оқуды аяқтадым. Ауданымызда нешетүрлі спорт секциясы дамығандықтан, біз оқып жүргенде спортшы боламыз деп армандайтынбыз. Бұйрық шығар, маған келгенде өнерге қарай таразы басып кетті.

Рамазан Стамғазиев 6-сыныптан бастап колхоз клубының сахнасында ән шырқай бастаған. Оның дарындылығын алғаш ауданның партия секретары Бексырға Данышпанова мен ауданның мәдениет бөлімін басқарған Амангелді Бұқабаев байқаған.

Рамазан Стамғазиев
Рамазан Стамғазиев ұстазы Нұрғали Нүсіпжановпен ©Жеке мұрағатынан

Отан алдындағы борышымды өтеген соң, оқуға түстім

— Қазақтың дәстүрлі ән өнерінде өзіндік дауыс ырғағымен, ұлттық бояуымен күллі қазақ халқына танымал Рамазан Стамғазиев қалай қалыптасты?

— Біз ауылда тұратын қара радиодан атақты Ж.Кәрменов, Қ.Байбосынов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, М.Ержанов, Қ.Байжанов, Қ.Бабақов, Б.Жылқыбаевтарды еститінбіз. Сол кезде шіркін-ай, ән салса, осылай айту керек қой деп армандайтынмын. Сол арманым 1984 жылы Алматыға алып келді. Қазіргі Ж.Елебеков атындагы эстрада-цирк колледжі ол кезде екі жыл оқытатын эстрада-цирк студиясы болатын. Бүкіл Қазақстандағы мықты әртістер сол жерде оқып шықты. Мен де оқу үшін студияға келгенде Жәнібек Кәрменов ағамыз оқуға қабылдап жатыр екен. Жәкең даусымды ары тыңдап, бері тыңдап, маған:  «Рамазан, егер менің ақылымды алсаң, әскерге барып, Отан алдындағы борышыңды өтеп кел. Бұл саған кедергі болады. Келгесін оқуды көресің», — деді. Мен де: «Жарайды, аға», — деп бұрылып, әскерге кетіп қалдым. Алты ай бойы Ленинградта танкист, үшінші классты механик- водитель болдым. Жарты жылдан кейін мені Петрозаводскіге ауыстырды. Сөйтіп екі жылда Отан алдындағы борышымды өтеп, Алматыма қайта келдім.

Рамазан Стамғазиев мектепті бітірген соң, Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ленинград әскери округына шақырылды. Петрозаводск қаласында әскери міндетін атқарды.

Рамазан Стамғазиев
Рамазан Стамғазиев©Жеке мұрағатынан

Әскерден келген бойда Жәнібек ағама қайта бардым. Осы өзің отырған кабинетте ұстазым қабылдады. Студенттерді жаппай ауыл шаруашылық жұмысына апаратын. Сол жұмысқа студенттермен бірге кеттім. Қайта келгенде Қайрат Байбосынов ағамыз келіпті. Қайрат ағамыздың әндерін ауылдағы қара радиодан құлағымыздың құрышы қанғанша еститінбіз. «Осы кісінің алдына барсам-ау» деген балалық арман болған. Сол тілегенім алдымнан шықты. Қайрат аға қайтадан дауыс диапазонына қарай топ-топқа бөліп, мен Қайрат ағаның класына түсіп, осы класты аяқтап шықтым. Менің бағыма Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Қанат Омарбаев сынды ағаларым кезікті. Осы ұстаздарымыз біздерді екі жылдың ішінде сахнаға «қашап», дайын әртіс етіп шығарды.

Алғаш оқуға түсерде, қазақтың біртуар әншісі Жәнібек Кәрменовтың қабылдауында болып, Қайрат Байбосынов ағамыздың сыныбында оқыған болашақ жұлдыздың арманы сол кезде-ақ асқақ еді. Бұл орайда сахналық мәдениетке үйреткен ҚР халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың да еңбегі елеулі.

Оқуды аяқтай салысымен Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың қолына түстім. Нұрғали аға сегіз жылдай қасына ілестіріп жүрді. Ілестіре жүріп бүкіл сахна мәдениетімен таныстырды. Ауыл-ауылда, аудан-ауданда, облыс-облыстарда, керек десеңіз, шет елдердегі әрбір сахнаға түсіп-шыққандағы үйренген жетістіктерімнің бәрі — Нұрғали Нүсіпжановтың сабағы дер едім. Репертуарды іріктеуді де мықтап үйретті. Қысқасы, Нұрғали аға мені сегіз жылдың ішінде «үтіктеп» шығарды. Жәй ғана әнші етіп шығарған жоқ. Мені ансамбльге тенорға, екінші домбыраға отырғызып қойды.

  • 1987-1989 жылдары Алматы эстрада-цирк училищесін (Қайрат Байбосыновтың класы бойынша);
  • 1991 — 1995 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіның музыка бөлімінің «домбыра» мамандығы бойынша;
  • 2012 — 2014 жылдары «Өнер магистрі» ғылым атағы берілген.

— Алғашқы байқау, алғашқы жеңіс тұғыры, киелі сахнадағы алғашқы баспалдағыңыз есіңізде ме?

— Алғашқы баспалдақ ұлылардың табаны тиген оқу ордасында білім алуым. Сол жерде ән айтып, үлкен байқауларға дайындалдық. Ең алғашқы үлкен сахнам – Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі орындаушылардың республикалық байқауына қатысып, лауреат атануым. Одан кейінгі баспалдағым 1997 жылы Самарқант қаласында ұйымдастырылған халықаралық «Шығыс әуендері» фестивалі. 40 елден келген таланаттар арасында болған байқауға Қазақстаннан он бір қатысушы барып, мен лауреат атандым. Кейде «менен кейін әлі ешкім алған жоқ» деп мақтанып қоямын (күліп). дейін. Одан бері 20 жыл өтіпті ғой. Одан кейінгі баспалдағым Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген әртіс атағын алдым. Кейін мемлекеттік Құрмет орденін берді. Осыдан 4 жыл бұрын Монғолияның Құрмет атағын берді. Міне, менің өнердегі елеулі баспалдақтарым. Ал шәкірттерімнің шаршы топта топ жарып жүргендері мен үшін бір төбе.

– Білуімше, бүгінге дейін екі кітабыңыз жарық көріпті. Осы жөнінде тарқатып айтсаңыз…

– 2016 және 2017 жылдары екі кітабым жарық көрді. Алғашқысы – «Назқоңыр» деп аталатын үлкен хрестоматия. Бұл кітаптың басты ерекшелігі − 310 əн нотаға түсіріліп, халық əні, халық композиторлары əрі кейінгі кезеңдегі композиторлардың əндерімен толықты. Бұрын танылмаған, Жетісу өлкесінің Хантəңірі аймағындағы авторлардың əндерін енгіздік. Оған Көдек ақынның əндері мен əйгілі Шалтабайдың, Ырыскелді бабамыздың, Қапездің біраз əнін қостық. Хрестоматияны дəулескер күйші Мұрат Əбуғазы екеуміз бірлесіп құрастырдық. Екінші кітабым «Домбырамен əн айту мектебі» деген атаумен жарық көрді. Өнерсүйер, əнқұмар жандардың домбыраны оңай үйренуіне арналған кіріспе кітап. Бұл кітап бес сыныпқа бөлінген бағдарламасымен, түрлі тапсырмаларымен ерекшеленеді. Əншінің сахнада өзін-өзі ұстауы, тіл тазалығы, сахна мəдениеті, домбыраны шертісі секілді көптеген ірілі-ұсақты детальдарға тоқталдым. Яғни, тек қана əн əлемі емес, жан-жақты ізденістің, көрген-түйгенімнің жемісі десем де болады.

Рамазан Стамғазиев
Рамазан Стамғазиев шәкірттерімен©Жеке мұрағатынан

Рамазан Стамғазиев өмірлік жарын Алматыдағы эстрада-цирк училищесінде 1987–1989 жылдары оқығанда жолықтырды

— Аға, шығармашылығыңыздан жеке өміріңізге ойысып, болашақ жұлдызды жұптың арасындағы сезім оты туралы сөз тербесек… Біз білетін Ұлту Қабаева өмірде қандай адам?

— Ұлту екеуміз эстрада-цирк студиясына оқуға бірге түстік. Ол эстрада, мен халық әні бөліміне бардым. Ол кезде Ұлту жіп-жіңішке, қою қара шашы мен қиылған қасы адамды елітіп әкететін (күліп). Сол жылдары студенттерді картоп, алма, мақта, темекі жинату үшін колхозға жіберетін. Біздің маңдайымызға картоп жинау жазылыпты (күліп). Сонымен оқуға түскен жылы бүкіл жастарды екі автобусқа тиеп, алып кетті. Ол кезде бір-бірімізді танымаймыз. Содан егістік алқапына жеткенде, әр бөлімді әр жерге бөліп тастады. Бәріміздің басымыз тамақ ішетін кезде ғана қосылады. Қалған уақытта бөлінген бойынша жұмыс істейміз. Осылайша армандар тоғыстырған өнер ордасының жастарымен таныса бастадық. Кешкісін тамақ ішіп болғаннан соң боспыз. Не істейміз? Костер жағып, дискотека жасап, ән айтып, концерт қоямыз.  Сөйтіп жүріп алпыс баланың ішінен 20-25 ұл-қызы аралас дос болдық. Оның ішінде Ұлту бар. Міне, екеуміздің алғашқы таныстығымыз достыққа, достықтан махаббатқа ұласты. Оқуды аяқтаған соң үлкен өмірге және киелі өнер сахнасына қол ұстасып бірге қадам бастық.

Көзімнің ағы мен қарасы – балаларым

Аллаға шүкір, бүгінде бір ұл, бір қызым бар. Ұлым Олжас Рамазанұлы Стамғазиев – О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп интернатын бітірді. Жоғары оқу орнына ҚБТУ-ға түсіп (Қазақстан-Британ техникалық университеті), бакалаврды аяқтаса, магистратураны Т.Рысқұлов атындағы экономикалық университетте тәмамдады. Қызым Перизат Рамазанқызы Стамғазиева тіл бөлімінің маманы. ЖОО-нын үздік аяқтап, ол да магистратурасын оқып алды.

Ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық. Айгүл есімді келінім,  Бекарыс, Ақарыс есімді тәтті немерелерім бар. Перизатымнан Мұрагер, Әмір есімді жиендерім бар.  Мұны мен өмірдің адам баласына берген үлкен сыйы деп білемін. Көзімнің ағы мен қарасы – балаларым. Бүгінде немерелерімнің тәтті қылықтарына тоймай жүрген жайым бар (күліп). Бұрын  қолымыз қалт етсе, театрға баратынбыз. Қазір бос уақытымызды немерелерімізге арнаймыз. Жұмыстан келе сала, қолымыздағы жүкті тастап, немерелерімізді құшағымызға аламыз.  Жолда жүрсек, далаға шықсақ немеремізге деп анау-мынау сатып алып, жанымызда ертіп жүреміз. Таңертең келіп бетіңнен сүйіп оятқанда өзгеше бір сезімде боласың. Мен көп жол жүргендіктен, балаларымның қалай өскенін байқамай да қалыппын. Ал қазір немерелерімнің әрбір қадамы маған қатты әсер етеді.

Барға риза, жоққа қанағат

Аллаға шүкір, балаларымыз өсіп, етек-жеңімізді жинап, қазір Ұлту екеуміз шығармашылыққа ден қойдық. Қазір Темірбек жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының дәстүрлі өнер  кафедрасының меңгерушісі, доцент қызметін атқарып жатқаныма 5 жыл болды. Қосымша Ж.Елебеков атындағы эстрада -цирк колледжінде сабақ беремін. Өнер саласы болғасын, той-томалақ, жиындарға шақырып тұрады. «Шақырған жерден қалма, шақырмаса барма» дейді, шақырған жерден Ұлту екеуміз қалмауға тырысамыз. «Рамазанды тойға шақырсаң, әкесінің құнын сұрайды» деп айтып жатады. Шын мәнінде олай емес. Барға риза, жоққа қанағат дейміз.

Рамазан Стамғазиев
Рамазан Стамғазиев пен Ұлту Қабаева©Жеке мұрағатынан

Еңбек жолы

  • 1989-2005 жылдар аралығында Қазақ концертте өнер бірлестігінде және халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың «Жазира» ансамблінде (16 жыл) қызмет атқарды.
  • 2006-2009 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық кансерваториясында оқытушы.
  • 2009-2012 жылдар аралығында Ж.Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжінде оқытушы.
  • 2012 жылдан бері Т. Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының «Дәстүрлі ән музыкасы» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі лауазымын атқаруда. Сонымен қатар Ж.Елебеков атындағы эстрадалық-цирк колледжінде сабақ береді.

Киелі сахнада жүргенімізге 30 жыл

— Былтыр Алматының төрінде «Р.Стамғазиев сахнада – 30 жыл!» атты концертіңіз өтті. Осы уақыт аралығында қазақ дәстүрлі өнеріне не бере алдым деп ойлайсыз?

— Адам мәңгілік емес, артында ізі қалу керек. Ұлту екеуміз дүние жинағанымыз жоқ. Дүниенің көбін балалардың санасына бердік. Енді, міне, немерелердің көші келе жатыр. Шамамыз жетсе, соларды жеткізсек деп отырмыз. Киелі сахнада жүргенімізге 30 жыл толыпты. Қарап отырсам, аз уақыт емес. Бірақ көзді ашып-жұмғанша өтіпті. 1989 жылы Алматыдағы Қазақконцерт бірлестігінде Нұрғали Нүсіпжанов ағамыздың  талғамынан өтіп, «Жазира» ансамбліне  әнші болып кіргелі, бері сахнадамын.  30 жылдың ішінде 4-5 концертімізді тайға таңба басқандай Республика сарайында, Қазақконцертте, М.Әуезов атындағы театрда, Астанада Конгресс холда өткіздік. 30 жылдың ішінде ауыз толтырып айтатын біраз дүниелерге қол жеткіздік. Ұлту екеуміз осы күнге дейін Қазақстанды аралап, жеке концертімізді бердік. Былтырғы жылдың өзінде Атыраудан бастап біраз жерді аралап келдік. Семейге екі жылда бір барамыз. Тыңдармандарымыз бар. Ең кереметі қазақтың халық әндерін сахнаға шығарып, елдің құрметіне бөлендік. Жалпы, менің немесе Ұлтудың атын атамай-ақ, тыңдармандар әніміз арқылы танитын дәрежеге жеттік. Халық арасында «Дариға дәурен», «Арман», «Сәуле нұр », «Айсәулем» т.б әндерім танымал. Әр облысқа барғанда  әр әнімді сүйіп тыңдайтын тыңдармандарым бар. Бірі «Ай сәулемді» айт десе, бірі «Сәуле ғұмырды», ал Қытайдағы қазақ бауырларымыз «Келші, қалқам, шашыңнан бір иіскейін» атты әнімді сұрайды. Ұлтудың «Сүйгендер жырлайды», «Бой тұмар» т.б әндері сұранысқа ие. Мұның бәрі 30 жылдық еңбектің жемісі деп білемін.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!