Қыз ұзату кезінде қандай әдет-ғұрыптар жасалады?

Дәстүрлі қазақ қоғамында қыз ұзату тойына еркше дайындалған. Той кезінде түрлі салт-жоралғылар орындалған. Оның көпшілігінің қазіргі күнге дейін қаймағы бұзылмай сақталып келеді.

Неке қию

Неке
©inform.kz

Қазақ халқы неке қию рәсімін «ақ неке» деп ардақтап, қадірлейді. Ерлі-зайыптылар бірін-бірі «Ақ некелі жарым» деп мақтанады. Дәстүрлі дінімізде де, ата-бабадан келе жатқан дәстүрімізде де бас қосқан ер мен әйелдің некесін қию міндеттеледі. Ол көпшілік алдында жасалады. Қазіргі заңнамалық актілерімңізге сәйкес, неке қиярдан бұрын екі жас азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне тіркелуі тиісті. Мемлекеттік тұрғыдағы неке куәлігін алған соң ғана, діни рәсімдегі неке қиылады.

Дінімзде неке қию рәсімі ұзатылатын қыздың үйінде жасалады. Себебі, әкесі қызының некесін қимастан, бөтен ер адамға қол ұстатып жіберуді дұрыс деп санамайды.

Сыңсу

Қыз ұзату
©Әлия Асхатқызы

Құда түсіп, сырғасы салынған, некесін қидырған қыздың үйінен ұзатылып шығарда ел-жұртымен қоштасып айтқан әні. Ол туған жерге, туысқандарына деген қимастығын айтып, «қыздың қонақ» екенін артында өсіп келе жатқан сіңлілерінің құлағына салады. Бұрындары қыз сыңсуды сіңлілерімен не жеңгелерімен үй-үйді аралай жүріп белгілі әуенмен айтатын болған.

Шарғы

қыз ұзату үкі сыйлау

Шарғы дәстүрі бойынша ұзатылып бара жатқан қыз өзінен кейінгі сіңілдеріне орамал сыцлап кетеді. Бұл «ендігі кезек сенікі», «бақытыңды тап» дегенді білдіреді.

Қазіргі кезде бұл дәстүр де қайта жанданып келеді. Бүгінгінің қыздары ұзату тойында сіңілдеріне, құрбыларына үкі тағады немесе орамал қалдыратын болды.

Жасау

Жанаргүл Байбурақызы
© Дарын Шөкенов

Қазақта «қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз той болмайды» деген сөз бар. Қалыңдықтың туысқандары қызын ешқашан жасаусыз үйден шығармаған. Жасауды ұзатылатын қыздың ата-анасы дайындайды. Бұған жақын туыс, ағайын адамдар да өз үлесін қосуына болады.

Жасау беру дәстүрі үйленген жастар, әсіресе, тұрмыс құрған қыз барған жерінде қиналмасын, ешкімге кіріптар болмай, өздерімен өздері күн көріп кетсін деген мақсаттан туған. Сондықтан жасау мүлкіне үй болу үшін ең қажет заттар кірген.

Түйемұрындық

Түйемұрындық, келін түсіру
©jasqazaq.kz

Түйемұрындық — ұзатылып бара жатқан қыздың атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап жолда отырған ауыл адамдарының кәде сұрауы. Қыз кәде беруге тиіс. Кәде алған жұрт оған бақыт тілеп, батасын берген. Бұл бүгіндегі «Арқан керуге» ұқсас ғұрып.

Өңір салу

Киіз үй
©toibiznes.kz

Ұзатылып, өз алдына отау болған қызына қыздың туыстары қайталай шашу алып келеді. Құтты болсын айтады. Үйге арнап көбінде терме бау, сырмақ, ожау, қазан, бақыр, қасық, саба, арқан-жіп әкеліп, отауды көріктеп өз қолдарымен тағады. Оны қазақ кадесінде «отау көріктеу», «өңір салу» деп атайды. Өңір сала келген әйелдерді, отау иесі ақсарыбас қойын сойып, асты-үстіне тұсып күтеді, дән риза етіп қайтарды.

Төркіндеу

Төркін, ене мен келін
9qkz.kz

Қазақ салты бойынша ұзатылған қыз бір жыл өткеннен кейін ғана төркініне барып қайтады. Жыл аунамай төркіндеуді жаман ырымға балайды. Ерекше өлім-жітім, той-томалақ, ас бергенде болмаса, жыл толмай төркініне бармайды.

Ұзатылған қыздың жыл аунап төркіндеуінің өзіндік жолы, сыры, мәні мағынасы бар. Төркініне жалғыз күйеу баланы ғана сопитып ертіп баруды ерсі көрген. Қайта сәбиді көтеріп, төркіндесе, әдемі жарастық, жақсы жол болады. Үшеулеп келген күйеу, қыз, жиенге арнап ақсарбас қой сойып, үлкен той жасап береді. Күйеумен қызға, балаға төс, асық жілік арнап асады. Кетерінде жиенге қырық шыбар тай, кей жерде қырық серкеш, қызына бұзаулы сиыр, күйеуге шапан жауып ат мінгізеді. Қызына әсте сыңар мал бермейді, жағдайына қарай құлынды бие, қозылы қой, боталы түйе, лақты ешкі береді. Онысы «қуыс үйден құры шықпасын», «бала жолы бал» десе, енді бір жағынан сыңар мал бермеуі-қызымыз сыңар қалмасын, дәні арылмасын, жан жарынан айырылмасын ылғи да жұп жүріп, ұрпақты болсын дегені. Ал жыл өтпей, уақыт жетпей төркіндетпеуі-ұзатылған қыз жат жерге бауыр бассын, үйіне қайта берсе, төсегінен суып қалмасын деп отбасына сүйспеншілігі артсын дегені.

Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.