«100 жаңа оқулық» жобасы негізінде аударылған кітаптар кітапханаларға таратылады

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы басталғаны белгілі. Елбасы бастамасымен қоғамдық сананы жаңғырту қоғамымыздың ең серпінді бөлігі, зор инновациялық әлеуетке ие жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Жоба қазақстандық студенттерге ең таңдаулы заманауи білімге қол жеткізуіне, білім сапасын арттырып, білім саласындағы жаһандық бәсекелестікке дайындалуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, әлемдік ғылымның үздік үлгілерін аудару қазіргі қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға мүмкіндік туғызады.

Мәтіндерді дайындау барысында түрлі гуманитарлық пәндердің кешенді терминологиялық базасын нақтылау және түзету жұмыстары атқарылады, аса үлкен жауапкершілік пен білімділікті қажет ететін бұл бастама қазақстандық ғылымды одан әрі дамытуға ауадай қажет. Оқулықтарды аудару нәтижесінде қазақ тілінің терминологиялық қоры жаңа ұғымдармен толықтырылатынын да атап айту керек. Мемлекет басшысының нұсқауымен барлық түзетілген терминдер жинақталып, соның негізінде жаңа лексикалық сөздік жасалатыны да аса маңызды. Президент сондай-ақ, үштілділік қағидасына сәйкес жобаның шеңберінде оқулықтарды орыс тіліне аудару мүмкіндігін қарастыру керектігін де қадап айтты.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын белсенді насихаттаудың алғашқы нәтижелері де жүзеге асырылды. Елордамыздың төрінде Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдық мрейтойына орай өткізілген іс-шарада алғашқы 18 кітапты таныстырды. Бұл — әлемнің 42 елінде 34 тілде жарияланған, жалпы таралымы 47 миллион дананы құрайтын философия, әлеуметтану, психология, экономика және басқа да пәндер бойынша әлемдік ойлардың алтын қорына енген еңбектер. Қазақстанда аударылған оқулықтар 10 мың дана таралыммен жарияланады, ал мамыр айында олар университеттер мен қалалардың кітапханаларына жіберіледі. Келесі оқу жылында жаңа оқулықтар нақты білім беру үдерісінде қолданылады», -дейді Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ философия және мәдениет теориясы кафедрасының аға оқытушысы Наталья Александровна Донецкая.

Айта кету керек, таяу арада барлық қазақстандықтар «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылған кітаптарға еркін қол жеткізе алады, ол үшін авторлық құқықтарға қатысты барлық тиісті заңдық рәсімдер жүргізілді.

Оқу құралдарының электронды нұсқалары 100kitap.kz бағдарламасының ресми сайтында жарияланады.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде арнайы семинарлар жоспарланып отыр, онда біздің жұртшылық әлемдік ғылыми әдебиеттің алғашқы аударылған кітаптарымен таныса алады. Ғалымдар, этномәдени бірлестіктер мен зиялы қауым өкілдері жоғары оқу орындарының білім беру және ғылыми қызметінде оларды тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылайды.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы Қазақстан халқының рухани жаңаруына және қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының жаңа кезеңіне жол ашады.