Қапшағайда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының (КҚКО) ашылуы Қазақстан халқының бірлігі күнімен тұспа-тұс келіп, Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрайымы Римма Салықова, облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов, Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков және бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, Қапшағай қаласындағы КҚКО Алматы облысында аудандық және қалалық деңгейде ашылған тұңғыш орталық болып табылады.

«Бұл Орталықтың ашылуы Қапшағай кәсіпкерлеріне толық қызмет көрсетіп қана қоймай, Балқаш және Кербұлақ ауданының кәсіпкерлеріне де тиісті қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталмыш Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарын Талғар мен Қарасай аудандарында да ашуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, біздің қызмет Алматы өңіріндегі кәсіпкерлер үшін одан ары қолжетімді және қолайлы болады», — деп атап өтті облыстық Палата басшысы.

Қапшағай
©Өңірлік баспасөз

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында «бір терезе» принципі бойынша бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік қызметтер, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңестер беріледі.

Сонымен қатар, Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында мемлекеттік органдар өкілдері кәсіпкерлерді сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары мәселелері бойынша қабылдап, қызмет көрсетеді. Сонымен бірге Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ғимаратында «Бизнес мектеп» компоненті бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту мен семинарлар жүргізіледі.

Орталық жанында қалалық кәсіпкерлер кеңесінің бөлмесі және мемлекеттік органдардың қабылдау жүргізуіне арналған кәсіпкерлерді қабылдау бөлмесі ашылды. Өңірлік кеңес мүшесі, Қапшағай қаласы Кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Артур Хачатрян қала әкімдігін КҚКО құрудағы қолдауы үшін алғысын білдірді.

«Жергілікті биліктің біздің бастамаларымызды қолдап келе жатқаны атап өтерлік жайт. Кәсіпкерлікті қолдау арқылы қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жоғарылатып, өңіріміздің болашағына салым жасаймыз. Сондықтан бірлескен жұмыс пен өзара диалог аса маңызды», — дейді кәсіпкер.

Өз кезегінде қала әкімі Талғат Қайнарбеков кәсіпкерлікті қолдау, жұмыстың аса маңызды міндеті екенін атап өтті. Қазіргі таңда Қапшағайда 3,6 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісінде 16,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының құрылуы қаламызда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерге және кәсіпкерлік ынтасы бар азаматтарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Осы орталықта олар оқыту туралы ақпараттан бастап өз жобасын немесе ісін қаржыландыруға дейінгі ең толық, қажетті және шынайы мәліметті ала алады. Сондықтан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы Қапшағайдағы кәсіпкерліктің тиімді дамуына ықпал ететіне сенімдіміз», — деді Талғат Қайнарбеков.

Қапшағай
©Өңірлік баспасөз

Айта кетейік, биыл Кәсіпкерлер палатасының Қапшағай қалалық филиалы кәсіпкерлерге 500-дей сервистік қызмет пен кеңестер берді. Өткен жылы 45 бизнес-жоспар әзірленіп, оның 16-ы жалпы сомасы 72 млн теңгеге Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Қалалық филиалдың қолдауымен 2017 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 28 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып, 3 жоба құны 4,5 млн.теңге болатын мемлекеттік грантқа ие болды. «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 36 қапшағайлық бизнес оқытудан өтті. Ал «Іскерлік байланыстар» жобасы арқылы 3 кәсіпкер шетелде өз біліктілігін арттырып келді.

Еске салсақ, Алматы облысындағы тұңғыш толық форматты кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жыл басында Талдықорғанда іске қосылған болатын. Талдықорғандағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында сервистік қызметтер және жарық, су, газ және жылуға қосылу бойынша техникалық шарттарды рәсімдеу бойынша қызметтер көрсетіледі.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз