Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Дәстүрлі дінімізде де бұл туралы айтылған. Атап айтқанда, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе дереу үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройды жойылудан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы нәрсе екеніне, адамды жауапкершілікке тәрбиелейтініне назар аударады.
Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті. Ал әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны ертеден белгіленіп, діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілгендіктен олардың отбасы баянды бола алды.
Неке қию рәсімі қалай орындалады?
Неке қию рәсімінің өзіндік мән-мағынасы, жөн-жоралғылары бар. Ежелден-ақ жас-жұбайлар некесін шариғат бойынша қиып шаңырақ көтеріп, отбасы атанған. Құдаласып, қалыңдықты өз жөн-жоралғысымен, салт-дәстүрге сай үйінен ұзатып әкелгенен кейін жігіттің үйіне молда шақыртып немесе мешітке барып неке қию рәсімін өткізетін болған. Негізінен бұл рәсім бүкіл үйлену салтынан бұрын не барлығы орындалғанан кейн де жүргізіледі. Ең бастысы алғашқы неке түніне дейін өткізілуі керек.
Біріншіден, екі жастың ризашылығының болуы. Яғни, екі адамның бір шаңырақ астында тұра алатындығын түсініп, өз жүрек қалауларымен келісуі. Неке материалдық жағдайға байланысты немесе қиындықтардан арылу үшін ықылассыз, мәжбүрлі болмауы керек.
Екіншіден, жастардың некесіне куәгердің болуы. Куә болатын адам – осы екі адамның отбасын құрып, бірге тұра алатынына кепілдік беретін адамдар.
Үшіншіден, қызға сұраған сыйын беру (мәһір).
Қазақтың салтында некені қиюдан бұрын көптеген жөн-жоралғылар (атастыру, құда түсу, қалың беру т.с.с.) атқарылады. «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген мәтелдер қазақ халқының некеге терең мән беріп, байсалдылықпен қарағанын байқатады.
Төртіншіден, отбасы құрғалы отырған қыз баланың ата-анасының ризашылығы. Яғни, қыздың некесі туралы ата-анасының хабардар болуы және рұхсат етуі. Ата-ананың рәсімде болуы немесе келіскендігі туралы кепілдігі (өкілі) болуы шарт.
Бесіншіден, отбасы құратын жастардың алдына кесемен – тұз және қант қосылған су қояды. Бұл – жас-жұбайлардың өмірі тәтті, қайғы-мұңсыз болсын деген ниетпен жасалады. Кімде-кім жұбайына адалдығын бұзса неке суы соны қарғайды деп білген. Молда құран оқып өз жоралғыларын жасағанан кейін, куәгерлерді қатыстыра отырып дәстүрге сай қалыңдық пен күйеу жігіттің келісімін алады. Осыдан кейін молда кеседегі суды ерлі-зайыптыларға ішуге береді, кеседегі судан отырғандар да ауыз тисе болады.
Осы рәсімдер орындалған соң жастар естелікке заңды күші жоқ мынандай куәлік алады. Неке қию сәті аяқталған соң ерлізайырлы сипаттағы мемлекетімізде отбасындағы әрбір азаматтың өздеріне тиесілі құқықтары «Неке және отбасы құқығы» туралы Заңмен қорғалады. Қоғамдағы әлеуметтік институттардың бірі отбасы болса, отбасының өзі — жеке бір тәрбие институты. Өйткені, адам дүниеге келген сәтінен бастап адами құндылықтар мен ізгі қасиеттерді осы отбасында сіңіріп өседі. Ата-ананың баласына беретін тәрбиесінің орнын басқа ештеңе толтыра алмайды.
Некенің мақсаты:
1. Көзді харамнан сақтау.
2. Иманын күшейту, дінінде бекем болу.
3. Некелесетін жарын бақытты етуді көздеу, серік болып өмір сүру.
4. Өзін рухани тұрғыдан және зинаға түсуден, түрлі аурулардан сақтау.
5. Ұрпағының текті болуы үшін текті-тақуа жар таңдау.
6. Ұрпақ көбейту.
7. Отбасын шариғат шеңберінде басқару.
8. Текті сақтау бар.
9. Қуаныш пен қиындықты бірге өткізу.
Материалды Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен “Қазақ интернеті” қоғамдық бірлестігі дайындаған.