Science SLAM: Ғылымды таныт

Әлемдегі ғылыми жарыстардың ерекшелігі олардың көпшілікке таныстырылу форматына байланысты болады. Ұйымдастырушылар баяндамашыларға ақпарат беруде еркіндік береді: олар ғылыми еңбектерін бимен, речитатив форматында, көпшілік көз алдында тәжірибе өткізу арқылы еңбегін қорғай алады. Көрнекі құрал ретінде қатысушылар кестелерді, суреттерді мультимедиа құралдарын пайдаланады. Бастысы, оның аудиторияның қабылдауына барынша жеңіл әрі қызықты болу мақсаты ескеріледі.

Журфакта өткен доданың слэмерлері ақпарат жеткізуде дәстүрлі қалыптан шығып кетпеді. Алайда баяндама барысында олар зерттеулерін қорғай отырып, ғылымдағы батылдықтарын, біліммен бөлісуге, тәжірибеге дайын екендіктерін танытты.

Физика-математика ғылымдарының докторы Медеу Абишев медициналық физикамен айналысады. Слэмер диагностикада, кардиологиялық, онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын ядролық медицина туралы бөлісті. Болашақта отандық ғалымдардың еңбектері нәтижесінде еліміздегі медицинаның қарыштап дамуы бек мүмкін.

Медеу Абишев
Медеу Абишев

Химия және химиялық технология факультетінің магистранты Меруерт Мадикасымова тәжірибелі ғалымдардың жетекшілігімен механохимиялық жолмен мыс сульфатын, күкірт наноұнтағын алудың тың әдісін зерттеп жатқанын жеткізді. Аудитория Меруерттің жүргізген тәжірибелері, оның қолданысы мен болашағы туралы пайдалы ақпаратты игерді.

Әсел Мусинова, Мадина Мадикасымова
Әсел Мусинова, Мадина Мадикасымова

Студент әрі журналист Дана Маратова белгілі тұлға Темірбек Қожакеевтің жеке сайтын ашу туралы жобасын таныстырды. Гаухар Джакупбаева «иммерсивті» журналистиканың, басқа сөзбен айтсақ, журналистиканың қатынас әсері туралы — ақпаратты 3D-технологиялардың көмегімен беру жайлы зерттеуімен бөлісті. Ауғанстаннан келген студент Фейсал Гульзад аудиторияға қазіргі таңда танымал төрт ғылыми журналисті – ғылым популяризаторлары Карл Циммер, Роберт Ли Хотц, Паула Апселл және Дэвида Баронның биографиясымен таныстырды.

Шара соңында қатысушылар: «Ғылыми идеяны таратуға, арнайы дайындалмаған аудиторияға ғылыми зерттеулерді танытуға, слэмерлерді көпшілік алдында сөйлеуге Science SLAM едәуір көмегін тигізеді. Ғылыми коммуникацияның мұндай тәсілі ғылым популизациясына пайдалы, сол себепті жоба жалғасын табуы керек» деген пікірлер білдірді.

Айта кетейік, ғылыми бәсекенің ұйымдастырушылары – Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының доценті Әсел Мусинованың жетекшілігіндегі бірінші курс магистранттары мұны жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналдыруды жоспарлап отыр.