Байқоңыр әкімшілігі жерді жалға беру мерзімін ұзартты. Бұл туралы президенттің Байқоныр кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«1990 жылдардан бастап ол жақта үйлер салынбаған. Қазір қала әкімшілігі жеке үй салам деушілерге жер телімдерін бере бастады. Мүмкіншілігі, ниеті бар ма — жерді алып, сала береді. Әкімшілік басшылығы жалға алу мерзіміне дейін жерді жалға береді. Бұрын жалға алу мерзімін бір жылға алса, создырып тұратын еді. Ал енді 2050 жылға дейін болса, 2050 жылға дейін жалға береді», — дейді Қазақстан президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов.
Шілдеде екі елдің үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысы жоспарланған. Ол биыл алғаш рет Қызылордада өтпек. Жиында байқоңырлықтардың тұрмысын жеңілдету мәселелері қаралмақ. Нақты айтқанда, Қазақстанның бюджет қаражатына кәсіпорындар, көпқабатты тұрғын үйлер салу, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау мәселеріне мән берілмек. Айта кетейік, Байқоңырда 74 мың тұрғын бар. Оның 53 мыңы — Қазақстан азаматы.