БҚО-ның Тайпақ ауылында жерлестер форумы өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына сай «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен жиын ауыл тұрғындарын мәре-сәре қылды. Көптен көріспеген жерлестер бас қосып, бір жадырап қалса, қалталы азаматтар кіші Отандарына тарту-таралғыларын да ала келіпті.

Ақжайық ауданының Тайпақ ауылы бір кездері аудан орталығы болған елді мекен еді. Тоқырау жылдары күйі кетіңкіреп, ажары қашыңқырап қалған ауыл қазір қайта түлеуде. Өткен жылы осы ауылдың түлектері, Оралда, көршілес Атырауда медицина саласында еңбек ететін 32 маман арнайы келіп, жергілікті халықтың денсаулығын тегін тексеріп, ем-домдарын жасап, алғысқа бөленді. Рухани серпіліс сыйлаған игі шаралар биыл да жалғасын табуда. Таяуда республиканың түкпір-түкпірінен 130-дан аса азамат кір жуып, кіндік кескен жерлері – Тайпаққа ат басын бұрды. Олар алдымен Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.

Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Әділ Жоламанов: «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпіліс әкелген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласына сай елімізде ауқымды істер атқарылуда. Туған жеріне жаны ашыған жомарт жандар шын ниеттен жақсылықтар жасауда. Қоғамның ілгерілеуіне қолғабыс берген әрбір азамат құрметке лайық. Атажұртқа деген зор махаббатты біз өзіміз арқылы жас ұрпақтың бойына дарыта білуіміз керек», — деді.

Тайпаққа көмек қолын созып келе жатқан түлектер мен тұрғындар аз емес. Мысалы, Есенаман Жарылғасов пен Жандос Айтмағамбетов Тайпақ ауылынан «Орал-Атырау» трассасына дейінгі жолдың жиегіне электр желісін тартып бермек. Жанат Таскентов пен Бейімбет Шойынов ауылдың кіреберісіне арка орнатып, Жасұлан Кәуенов пен Дәурен Молдашев Гагарин, Чапаев көшелеріне егілетін тал-терек алаңдарын  қоршап, Талғат Мұхамедияров Шабдаржап ауылына техникалық су құбырын жүргізіп беруді қолға алмақшы.

Ал елдегі жақсылықтарға елеңдеп жүретін белгілі спортшы, самбо күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров «Ауыл» қорына 2002-2003 жылғы мектеп түлектерінің атынан 1 млн. теңге табыстады. Басқосуда ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Зияш Аманғалиева, әнші, республикалық байқаулардың жеңімпазы Рүстем Кереев өнерлерін көрсетті.

БҚО «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлсім Усағалиева тайпақтықтардың бастамасы басқа ауылдарға үлгі екенін айтты. Көктемде Тайпақта 1 мың дана тал, қарағаш, көктерек егіледі деп күтілуде.

Telegram арнамызға жазылыңыз

Күннің маңызды және өзекті жаңалықтарын телеграм каналынан оқыңыз