БҚО-да «Цифрлық Қазақстан» жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылуда

Өңір басшысы кіріспе сөзінде Елбасы тапсырмасымен қабылданған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыста қолға алынған жұмыстарға тоқталды.

-Қазіргі уақытта өңірде 152 елді мекен интернетке қосылмаған. Бұл 35 пайызды құрайды. Таяу жылдары облыстың 100 елді мекені кең жолақты интернетке қосылады. Шалғайдағы ауылдарда шағын комплектілі мектептер бар. Сол мектептерден сессияға директорлар, мұғалімдер келіп отыр. Сол мектептер қала мектептерінен кем болмауы үшін биыл 220 білім ошағына «Білім book» электронды жүйесін жеткізуге қаражат бөлінді, қазір конкурс жүруде. 1 қыркүйекте шәкірттер жаңа компьютерлермен, онлайн контентпен қамтамасыз етіледі. Аудан орталықтарындағы мектептердің оқушылары электрондық бағдарламаларды, жаңа технологияларды толық қолданатын болады. Сол секілді, «Қазақтелеком» АҚ-мен арада жасалған «Жол картасы» шеңберінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі қаралған. Жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі өңірімізге іссапармен келіп кетті. Аудандардағы медицина нысандарында, медпункттерде, ауылдық дәрігерлік амбулаторияларда, облыстық клиникалық ауруханада болды. Интернетке кіру жылдамдығына, интернетке қолжетімділік мәселелері бойынша түйткілдерді таяудағы үш жыл ішінде шешеміз, — деді Алтай Сейдірұлы.

Жиында сөз алған Қуанышбек Есекеев алдағы екі жылда БҚО-дағы бес ауданның орталығын оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосу жоспарланғандығын атап өтті. Оған қосылудың арқасында интернетке қосылған мектептердің саны және интернетке қосылу жылдамдығы артады. Білім сапасы да жоғарылайды. Екінші үлкен шаруа — қауіпсіздік, үйлердің кіреберістеріне бейнекамера қою жұмыстары.

Сессияда сөз алған «BilimmediaGroup» ЖШС-ның директоры Рауан Кенжеханұлы Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламасы шеңберінде аударылып, басып шығарылған 18 оқулықтың таныстырылымын өткізді.

-«Білім book» жобасы шағын комплектілі мектептерге қолайлы. Онда компьютерге жадына қажетті білім ресурсы салынған. Интернеттің қажеті жоқ. Бір сыныпта әр сыныптан 15 бала оқитын болса, мұғалім олардың әрқайсысына әртүрлі электрондық тапсырма бере алады. Бала сабақты игермейінше,бағдарламамен алға жылжи алмайды. Мұны біз еліміздің үш шағын мектебінде байқап көрдік. Нәтижесі жаман емес. Биыл облыс әкімінің қолдауымен БҚО-дағы шағын мектептерде осы платформа бойынша жұмыстанбақпыз. Бұған қатысатын мектептердің мұғалімдеріне әдістемелік оқулықтар дайындаймыз. Техникалық , әдістемелік көмек көрсетеміз. Шалғайдағы ауыл мектептеріндегі білім сапасын жаңа деңгейге көтеру міндетін қойып отырмыз. Дүние жүзінде мектептер шағын болса, білім сапасы жоғары болады деген түсінік бар. Ал бізде әзірге олай емес. Жаңа технологиялар арқылы соған жетеміз, — деді Рауан Кенжеханұлы.