Басты бетЖаңалықтар«Жетісу көктемі»...

«Жетісу көктемі» атты жас әдебиетшілердің алғашқы форумы өтті

Дүйсенбі күні бастау алған форумның қонақтары ең алдымен Қарасай ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтеріп, былтыр ғана тұсауы кесілген  «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына ат басын бұрып, Елбасының өмірі мен қызметіне байланысты құнды мұрағаттармен танысты. Орталық қызметкерлері қонақтарды төрт бөлімнен тұратын танымдық мазмұны терең материалдармен таныстырды. Жас әдебиетшілер Қазақстанның тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың балалық, жастық шағы, отбасы мен қызмет жолынан мол мағлұмат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарға толымды жауап естіді.

Қарасай ауданының Райымбек ауылдық округінде тамаша тарихи кешен ашылғанынан жұртшылық хабардар.Форумға қатысушылар келесі болып осы кешенге келген. Олар алдымен «Әлжан ана» кесенесі мен мешіт ғимаратын тамашалап, 2015 жылы бой көтерген «Анаға құрмет» мұражайымен танысуға мүмкіндік алды. Жеке кәсіпкер Бақыт Шпекбаеваның бастамасымен, елінің өткені мен болашағына бейжай қарамайтын ұлтжанды азаматтардың қолдауымен бой көтерген бұл мұражай қазақ мемлекетінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан аналарымызға, әйелдер арасынан шыққан ұлтымыздың айнасы іспеттес танымал тұлғаларға арналған десе де болады. Жетісудан ғана емес, өзге де өлкелерден жанашыр жандардың өз қолдарымен әкеліп тапсырған құнды мұрағаттары топтастырылған, әйелдерге қатысты фотосуреттер, құжатты деректер, қолөнер бұйымдары қойылған мұражайдың жастарға өшпес әсер сыйлағаны анық.

Бұдан кейін қонақтар «Батыр бабалар» мемориалын тамашалады.  Қазақ халқының сонау Түркі қағанатынан бергі мыңжылдық тарихын баяндайтын, баламасы жоқ бірегей кешеннің  жұртшылық көңілінен шыққаны анық. Олар еліміздің еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында толарсақтан қан кеше жүріп, ғұмырларын ат үстінде өткізген даңқты бабаларымызға тағзым жасап, тарихымен терең таныса алды.

Әдебиетшілер бұл күні Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласындағы  тарихи-өлкетану музейімен танысу мүмкіндігін де қалт жібермеді. Батырлары мен ақындары елінің абыройын асқақтатқан қасиетті Қарасай жерінде ұрпаққа үлгі болар жақсы істер жетерлік. Елбасы, Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туып-өскен өлке бүгіндері табысты еңбегімен, жарасты тұрмысымен де жұртшылық назарын өзіне аударып отыр.  «Жетісу көктемі» жас әдебиетшілер форумының қонақтары өлкенің кешегісі мен бүгінінен мол мағлұмат беретін музей мағлұматтарымен танысып, болашақта жазар туындыларына деректер алды деп сенеміз.

Қаскелең қаласында аудан әкімінің қонақжай дастарқанынан түстенген қаламгерлер осыдан кейін Кербұлақ ауданындағы Алтынемел қорығының аумағында орналасқан Шоқан Уәлихановтың мұражайына ат басын арнайы бұрды. Құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, өмірден ерте озған ұлтымыздың біртуар перзентінің осы өңірде дүниеден өткені белгілі.  Мұражай ең алдымен Шоқанның қысқа ғұмырында атқарған істері мен халыққа сіңірген еңбегі жайлы әңгіме қозғайды. Болашағын әдебиет сынды қасиетті өнермен байланыстыруға бел буған жастар үшін мұндай қасиетті орындардың берері мол болмақ.

Музейді аралағаннан кейін қонақтар Талдықорған қаласында өтетін форумға аттанып кетті.