Басты бетЖаңалықтарАлты барысты...

Алты барысты өлтіріп алған Алматы зообағында тағы бір аңның өлгені мәлім болды

Тіпті жануарлары бірінен соң бірі өлген бақта аңдар аурудан ғана емес, адам қолынан да зардап шегіп жатқан сыңайлы.

Сап-сау жолбарыстың бүгінде денесінің жартысы шіріп жатыр. Аяғын алып жүруден қалған аң алдындағы асты да жей алмайды. Сөйтсе, зообақта азап тартқан жалғыз бұл жыртқыш емес екен. Шимпанзе де дәл осылай темір тор ішінде арам өліпті.

«Зообақ басшылығы бәрін жасырып отыр! Шимпанзенің неден өлгені белгісіз. Оның арам қатқанын қызметкерлерден бірақ білдік. Бақ басшылығы оны айтқысы жоқ», — деді «Алматы хайуанаттар бағына көмек» қорының төрағасы Райымбек Баталов.

Барыстардың өлгені секілді оны да зообақ басшылығы жасырып қалған. Бағалы аңдарды бағалай алмаған бақта басқа да келеңсіз жайттар жетерлік екен. Ауру жолбарыстың халін сұрай барғандар ақ аюдың басына ісік шығып, қаршығаның қанаты жұлынғанын айтты.

«Ақ аюдың басы ісініп кетіпті. Ол қайдан шыққан жарақат? Тісі де ауру, азып-тозып кеткен. Ал екінші Рада есімді жолбарыс болса өз құйрығын өзі кеміріп тастапты. Бұл не сұмдық екенін зообақ басшылығы айтпады», — деді Баталов.

Бірақ, жануарларға жаны ашыған қалталы кәсіпкерге басқа белсенділер аяқасты қарсы шықты. Баталовтың көздегені — жыртқыштардың жағдайы емес, зообақтың шұрайлы жері деді олар.Кәсіпкерлер бақтың жеріне қызығып отыр. Көкжайлау, ботаникалық бақты бекер қозғап жүрген жоқ. Армандары — жер.

Алты бірдей барысты өлтіріп алған зообақта сирек кездесетін сервал, одан қалды Бенгал жолбарысы мен түркістандық сілеусін де аурудан арам қатқан. Енді шимпанзенің өлгені белгілі болып отыр.

Хайуанаттар бағына емес, сорына айналған мекен бүгін-ертең тағы бір жануарға азаюы мүмкін. Өйткені, лас темір тордың ішінде ауырып жатқан жолбарыс бүгін тамақтан біржолата бас тартыпты.

ДереккөзКТК арнасы