«Тарихымен тағдырлас – Талдықорған» атты жинақ жарық көрді

«Тарихымен тағдырлас – Талдықорған» атты бұл жинақ бұдан бұрын баспадан шыққан «Тарихы терең Талдықорған», «Тұңғиық сыр тұнған — қасиетті Талдықорған» сынды кітаптардың жалғасы. Кітап сәнімен салтанаты жарасқан Талдықорған қаласының ірге тасы қаланғаннан бүгінге дейінгі сан ғасырлық барысын нақты дәлелдермен айғақтайды.

Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың айтуынша, қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен қолға алынған бұл басылым қала әкімдігінің жан-жақты қолдауында қазірге 1000 данамен жарық көрген. Енді аймақтағы барлық оқу орындары мен оқырман қауымына тегін таратылмақ.

«Бұл кітапті жарыққа шығарудағы  біздің басты мақсатымыз киелі Жетісу өңірінің, оның ішінде Талдықорған қаласының тарихын зерттеп өскелең ұрпаққа өз туған жерінің тарихын таныту. Осыған дейін кейбір өзге ұлт өкілдері қаламыздың тарихын бұрмалап Кеңес Одағы тұсынан бергі 140 жыл деп келді. Бірақ, жергілікті тарихшылардың ұзақ зерттеулерінің нәтижесінде Талдықорғанның түп тамыры 8-9 ғасырдан басталғанын тіпті, 1200 жылдан арыда жатқанын дәлелдеп шықты. Нақтырақ айтсақ, бұрын бұл шаһар «Екі оғыз», «Талды» деген  атаулармен жұрт жанында сақталып, кейін «Талдықорған» атауымен аталған. Осыған байланысты қазір бізде ешкім таласа алмайтын нақты деректер мен дәлелдер бар. Бұл туралы бұдан бұрынғы екі кітапта да анық жазылған. Оған елімізге танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев те өз пікірін білдіріп, кітаптағы зерттеулердің шынайы екенін баса айтқан болатын. Жалпы  алғанда бұл кітап біз үшін де, келешек ұрпақ үшінде өте құнды. Мұнда өмірдің өткені мен бүгінін саралап, ұрпақ санасына ұлтымыз тарихынан салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпынан, ел мен жердің тарихи атауынан көп мағұлымат береді» — деді Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Халық.