Дәстүрге айналған төл өнеріміз жылдан жылға төрге озып келеді. Бәсекеге қатысқандардың арасында осалы жоқ. Сайдың тасындай іріктелген мықтылар қарсыластарын алып та, шалып та жығып, жеңістің туын желбіретті. Алаңға жиналған балуандар ортада сап түзеп, тартысты сайыстың ашылуын тағатсыздана күтті. Жарыс шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен қазақ киносының майталманы, облысымыздың құрметті ақсақалы Әлімғазы Райымбеков және қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Қапар Рауанов ашты.
Салтанатты шарада сөз алған Жақсылық Мұқашұлы облысымызда спортқа жасалып жатқан қамқорлық пен жетістіктерді тізбектеп өтті. Соның ішінде ұлттық спортқа облыс әкімінің ерекше көңіл бөліп отырғанын тілге тиек етіп, осымен сегізінші рет жалауын желбіретіп отырған «Жетісу бөрісі» турнирінде бақ сынайтын балуандарға сәттілік тіледі. Мұнан кейін Әлімғазы Райымбеков атамыз ақ тілегін ақтарып, балуандарға батасын берді. Келесіде балуандар жеребе тартып, өз қарсыластарын анықтады.
Иә, қазақ күресінің әлеуеті айтарлықтай артуда. Биылғы додада жаңа есімдер мен үздік балуандарымыз да сайыста бой көрсетіп, өздерінің өзгеше әдіс-тәсілдерімен жиналған қауымды тәнті етті. Солардың ішінде 2011 жылы тұңғыш «Қазақстан Барысы» атағын жеңіп алған Ұлан Рысқұл және өткен жылғы «Жетісу бөрісі» атанған Александр Касачев, Алакөлден келген Тоқтар Қаркатеров, сарқандық Артур Бенгс, Қазыбек Рамазановтар белдесудің шырайын кіргізді.
Сонымен, көпшілік тағатсыздана күткен балуандар бәсекесі де басталды. Сын сағатта намысты қолдан бермейтін жігіттер жан алып, жан берісті. Аянбай тер төккен саңлақтар алға озып, қарсылас жұптарын жарыс жолынан ысырып отырды. Нәтижесінде мықтылығын дәлелдей білгендер суырылып шығып, жартылай финалға өтті. Айта кету керек, бұл жерде көпшіліктің делебесін қоздырған Ұлан мен Александр Талдықорғанның намысын қорғады. Қос мықтының көрсеткен өнері жанкүйерлерің таңдайын қақтырды.
Сондай-ақ, жартылай финалға дейін барлық қарсыластарын қоғадай жапырып келген Жамбыл ауданының балуаны Қазыбек Рамазанов та өзінің осал емес екендігін дәлелдеп бақты. Алайда, ол жартылай финалда Ұлан Рысқұлға есе жіберіп алды. Дегенмен, Қазыбек Еңбекшіқазақ ауданынан келген Нұрғали Жолтаевты сан соқтырып, үздік үштіктен көрінді.
Ақтық сынға жолдама алған балуандар бар күш жігерін жұмсады. Финалда Ұлан мен Александр кездесіп, тартысты белдесу өнерін көрсетті. Бұл уақытта барлығымыз демімізді ішке тартып, соңы қалай болар екен деп аңдап бақтық. Осы сәтте Ұлан қарсыласын оң жаңбасына алып, Сашаны жерге алып ұрды. Осылайша, дүбірлі додада топ жарған Ұлан Рысқұл «Жетісу бөрісі» атанды.
Жеңімпаз атанған балуандарды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен облыстық спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шәрапиев марапаттады. Бас жүлдені қанжығасына байлаған Ұланға су жаңа темір тұлпардың кілті мен алтын белбеу табыс етілді. Екінші орын иегері Александр Касачев 1 млн. теңгемен марапатталса, қола жүлдегер атанған Қазыбек Рамазанов 500 мың теңгеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Ұлан мен Александр алдағы уақытта Президент жүлдесіне орай ұйымдастырылатын республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Алматы облысының намысын қорғау үшін бәскеге түсетін болады. Балуандарымызға сәттілік!