Түнгі аусымнан таңда келіп, бірден ұйқыға аттанамын. Мені күн тастөбеге келгенде оятады. Аздап әлденген соң, өз әлеміме жөнелемін. Оны күнде іздеймін. Телефоныңызды үйде ұмытып кеткеніңізді білгенде, қандай сезімде боласыз? Дота ойнамасам, дәл сондай күй кешемін. Ол — менің ажырамас бөлшегім.

Бала кезімде өзгелер сияқты Sega, Dendy ойнамаппын. Мектепте Counter-Strike- ті бір-екі рет байқағаным есімде. Бірақ бұл ойын мені ары кетсе, екі сағат қана қызықтыра алатын. Ал дота өзгеше. Бір отырдым ба  — тіпті жеті сағаттың қалай құстай заулағанын аңғармаймын. Уақыт, жұмыста осылай өтсеңші!

Бір сағат — бір матч. Ұтсаң, 25 балл береді. Ұтылсаң, 25-і «қош айтысып» жөнеледі. Кеміне 5 мың балл жинағандар — әжептәуір ойнайтын дотерлер. «Қанша балы бар екен?» деп ойлап отырған шығарсың.  Балл емес, ақша бар 🙂 . Жаңадан аккаунттар ашып, оны басқаларға сатамын. Мен үшін 5000 балл сөз емес десем, артық айтпаған болармын. Бұл межеге бір аптада жеткізіп беруге шамам бар. Бірақ, әттең…

Сапарғали Жақсыбай
© Ерғали Сағындықов

Ел қатарлы мектеп бітіріп, оқуға тапсырдым. Жолым болмады, — мойымадым. Бірден «жұмыс істей бергенім жөн» деп, қолдан келетін іспен айналыса бердім. Жасым 20-ға келді. Достарым: «Саған ең қызық ойынды көрсетейік,» — деді. Әуелде оның осынша ғажап екеніне сенген де жоқпын. Бірақ содан бері үш жыл өтті. Монитор, клавиатура және мен. Бір-бірімізге «сымсыз» жалғасамыз.

Бұл әлемге тек шетелдік серверлер арқылы өтесің. Дота — командалық ойын. Бес адам бес жақтан жиналады. Ойыншылардың бір-бірімен сөйлесуге мүмкіндігі бар. Мұнда аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатындарды жиі жолықтырасың. «Сен — қазақсың», «осындайсың», «мұндайсың» деп намысыңа тиетіні жаман. Кейде олармен дауласамын деп, айқайлаған даусымның қалай шығып кеткенін байқамай қаламын. Мені үйдегілер «жынданған болар» деп үрейленеді. Олар түсінбейді…

Сапарғали Жақсыбай
© Ерғали Сағындықов

Үш жыл бұрын бәрі басқаша болатын. Жұмыстан соң, көшеде таза ауа жұтып серуендегенді, достарыммен қыдырғанды жақсы көретін едім. Спортпен де айналысқанмын. Дота бәрін өзгертті.

Үйде төрт ұлмыз. Менен кейін інім бар. Оның мен сияқты «компьютерге кіріп кеткенін» қаламаймын. Дәл осы күйді ағаларым да кешеді. Олар мені дотадан «құтқарғысы» келеді. Бекер-ау.

Dota 2 қаншалықты табысты?

Dota 2-нің аудиториясы футбол жанкүйерлерінің санынан әлі-ақ асып түседі. Ол — әлемде ең тез қарқынмен дамып келе жатқан киберспорт. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанның өзінде қазір оны 117 000 адам тамашалайды. Республика көлемінде осындай болса, әлемде олардың қандай көп екенін елестету мүмкін емес болар?! Сәйкесінше турнирлерге қарастырылатын жүлде қоры да ең қомақты қаржы санатына кіреді. Биылғы ең ірі турнир, The International жарысына, 23 миллион доллар тігілді. Overwatch, LOL, CS:GO турнирлері де жүлдесі бойынша бұдан қалыспайды. Мұндай жарысқа қатысу үшін, сен нағыз «сайыпқыран» болуың керек. Мұнда бір адам емес, команда бақ таласады. Ең қиыны — ойыншылардың бір-бірін күре тамырындай сезінуі.

Қазақстанда әзірге мұндай турнирлерге қатысуға деңгейі жететін командалар жоқ. Есесіне шетелдіктермен бірге ойнап жүрген қазақтар бар. Ресейлік Team Empire құрамына жуырда Айбек «Naive-» Тоқаев есімді қазақ жігіті қабылданды. Осылайша мықты киберспортсмендер сырт жақтан мүмкіндіктер іздеп жатыр. Бізде, біріншіден, адамдардың киберспортқа деген оң көзқарасы мүлде қалыптаспаған.

Сапарғали Жақсыбай
© Ерғали Сағындықов

Қазіргі таңда әлемдегі ең мықты дотердің бірі — Miracle (20 жаста). Ол — Team Liquid командасының ойыншысы. Miracle-дің айтуы бойынша, анасы оны киберспортпен 12 жасынан бастап баулыған. Анасының сенімі арқасында олар қазір миллионерлерге айналып отыр.

Әр қазақ дотерінің бір басында осы спортпен айналысуына қарсы бірнеше адам бар. Ата-анасы, бауырлары, достары. Қала берді танымайтын адамның өзінде «компьютер алдында несіне телміріп отыра береді?» деген ой қалыптасады. Дота — мен үшін қызығушылық. Алайда, оны сүйікті жұмысыма айналдыра алмайтыным өкінішті.

Бауыржан Уакбаев,  N1 Esports жобасының негізін салушылардың бірі: Қазақстанда киберспорттың шарықтау кезеңі алыс емес

Қазақстанда киберспорт классикалық спорттармен салыстырғанда, өте жедел қарқынмен дамып келеді. 10 жыл ішінде еліміздегі турнирлер компьютер клубтарынан басталып, республикалық деңгейдегі шараға айналып отыр. Қазақстанда осы уақытқа дейін 10 000-нан астам аудиторияны қамтыған 10 ірі ивент тіркелген екен. Жақында, 29  сәуір күні N1 Esports ұйымының ұйымдастыруымен Алматыдағы «Гранд Парк» ойын-сауық орталығында Dota 2 ойнынан турнир өтеді. Жүлде қорына 2 млн теңге арнап отырмыз. Бұл — әзірге еліміздегі киберспортты дамытуға бағытталған алғашқы қадамдар.

Қазақстанда киберспортқа қатысты қандай қиындықтар бар?

Ең бірінші мәселе интернет жылдамдығына келіп тіреледі. Қазақстандық спортшылар Еуропа, Америка, т.б. елдердің ойыншыларымен бақ таласады. Бұл ойында доли секундтар маңызды. Нәтижесінде біздің кәсіби ойыншылар олармен иық тірестіре алмай қалады. Кейбіреулер шындап дайындалу мақсатында, басқа мемлекеттерге кетіп дайындалып жатады. Осыдан-ақ екінші мәселенің ұшы шығады. Ол — индустрияға ұзақ мерзімді инвесцияның жоқтығы. Біздің елде де инвесторлар бар. Алайда  олар бірден ақша құйып, ертеңінде жемісін көргісі келеді. Бұлай болмайды.  Киберспорт – бизнестің жаңа бағыты. Алдымен деңгей көтеру керек, пайдасын содан кейін күтуге болады.

Егер Ресеймен салыстырар болсақ, 2015 жылы Алишер Усманов ESforce киберспорт жобасына 100 млн $ құйды. Қазір бұл ұйым бүкіл әлемге танымал. Небәрі үш жылдың ішінде оның мынадай жобалары қалыптасып үлгерді:  Virtus.Pro және SK Gaming киберспорт клубтары, EPICENTER турнирлерінің сериясы, RU HUB комментаторлар студиясы, Yota Arena киберспорт аренасы және т.б. Осылармен- ақ инвесторға әжептәуіп табыс келіп отыр.

Киберспортсмендерге де жеңіске жету оңай шаруа емес. Бұл саладан аулақ адамдар үшін Dota 2 — жай ғана клавиатура «батырларының» ойыны. Ал басқа көзқараспен мұның үлкен стратегиялық ойын екенін, тек жылдамдықтың ғана емес, логиканың да маңызды рөл атқаратынын түсінуге болады. Кәсіби киберспортсмен болу үшін, кем дегенде күніне төрт сағат ойын ойнау керек. Бұдан бөлек ойынның теориялық аспектілерін де ескерген жөн. Сондай-ақ денсаулықты сақтау үшін, таза ауадағы серуенге, спортқа арнайы уақыт бөлу қажет.

Бала күні бойы компьютер алдында отырса…

Ең алдымен, баланың немен айналысатынына аса мән беру қажет. Егер баланың алдына қойған нақты мақсаты болса, оның пікірімен санасуды жөн деп есептейміз.

Кеңесіміз: балаңызбен сөйлесіп көріңіз. Ол шынымен кәсіби ойыншы болғысы келе ме? Егер «иә» болса, бетін қақпаңыз. Неге екенін жоғарыдағы мәліметтер түсіндірген болар. Ал нақты мақсат анықталмаса, онда уақыт құртудың қажет не?!

Мұны «футбол» деп қабылдаңыз. Әуелде біздің елде де футболмен айналысамын дегендерге теріс көзқарас қалыптасатын. Ал қазір бәрі өзгеше. Сіз темірді қызған уақытында соғуға тырысыңыз. Бәлкім, бұл — мүмкіндік. Заман ағымының әрдайым өзгеретінін ескеріңіз. Қаласаңыз да, қаламасаңыз да адам өміріне өзге спорттар қалай енді, компьютер ойындары да солай енеді. Сіздің тараптан болуы тиіс әрекет: осы спортты барынша сауатты зерттеп, бала мүмкіндігіне мән беріңіз Бұл, біріншіден, ешқандай қаржыны талап етпейтін спорт түрі. Тек компьютер мен интернетке қосылуға мүмкіндік болса, жеткілікті. Бастысы, баланың жүрек қалауы және ата-ананың оған дұрыс бағыт сілтеуі екенін ескергеніңіз абзал.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!