Басты бетЖаңалықтарЖайылым жерлері...

Жайылым жерлері жалға берілмейді — министрлік

ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, құжатта ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру мақсатында жалға берудің жаңа әрі арнайы тәртібі қарастырылған.
Жалға алудың алғашқы 5 жылында әр жыл сайын, келесі кезеңде суармалы жерлерді әр 3 жыл сайын, ал суарылмайтын жерлерді әр 5 жыл сайын мониторинг жүргізу белгіленеді.

«Ауыл шаруашылығы жерлерінiң үлкен көлемде бір қолға берілуін болдырмау мақсатында заң жобасында әр облыстық әкімшілік аудандарында ауыл шаруашылығы жерлерінің шектік мөлшерін белгілеу көзделген. Бір қолға берілетін жерлердің мөлшерін мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысымен Үкімет бекітеді. Бұл шекті мөлшерді айқындау үшін тиісті есептеу әдістемесі әзірленді. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жергілікті тұрғындардың жеке аула малына жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында заң жобасында жергілікті халыққа мал ұстау үшін жайылым алқаптарын анықтау туралы норма көзделуде. Осы мақсатта айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынатын болады», — деді Өмірзақ Шөкеев.

Oның айтуынша, бүгінгі күні елдімекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткендігін ескеріп, ол жерлерді қайтару үшін мемлекеттік мұқтажға жатқызу заң жобасымен белгіленген.

«Осы заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы мораторийдің шеңберін кеңейтуді қарастырып отыр. Онда 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғаларға жер берілмейтін болады. Бұл ретте заң жобасы нормаларының барлығы жер комиссиясы жұмысының қорытындысы негізінде әзірленген және ауыл шаруашылығы жерлерін тек қана қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіруді көздейді», — деді министр.

ДереккөзBaq.kz