Басты бетЖаңалықтарОралда бейресми...

Оралда бейресми зияткерлік алаңы ашылды

Шараға спикерлер ретінде Лилия Мерғалиева, Бақыт Қадер, Гордей Трищенков, Асан Саматов, Асхат Рамазанов, Данияр Рахметжанов секілді әр салада табысқа жеткен белсенді жас көшбасшылар арнайы шақырылды.

«Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осыдан тура бір жыл бұрын жарық көрді. Сол себепті, біз осы күні аталмыш мақала аясында пайда болған бағдарламаны жүзеге асыру барысын талқылауға жиналып отырмыз. Бұл кездесуді әкімдіктің қабырғасында өткізуге де болар еді. Бірақ, біз жастар өз ой-пікірлерін қысылып-қымтырылмай еркін айтулары үшін бейресми алаң форматын қолай көрдік. Бүгінгі шараға шақырылған спикерлер сіздермен өз іс-тәжірибелерін бөліседі, ақыл-кеңестерін айтады. Себебі, олар өз салаларында табысқа жеткен, мойындалған тұлғалар. Қазіргі жастар тек өз елімізбен шектелмей, шетелдерге шығуға, білім алуға талпынулары тиіс. Сондықтан, мұндай кездесулердің пайдасы зор» — деді Ғ.Оспанқұлов.

Шара басталысымен ортаға шыққан алғашқы спикер — «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Нью-Йорк киноакадемиясында білім алған жас режиссер Бақыт Қадер шетелде білім алудың ерекшелігін айта келіп, жетістікке жетуге табандылық пен жаңашылдықтың айрықша қажеттігін қадап айтты және алдағы жоспарларымен бөлісті.

Лилия Мерғалиева — экономика ғылымдарының докторы, профессор, кәсіпкер. Лилия ханым бұл алаңда білім беру ісімен қоса бизнесті қатар алып жүрудің қыр-сырына тоқталса, фотосуретші Гордей Трищенковтың өмірге құштарлығы мен жетістікетрі талайды таң қалдырмай қоймайтыны анық. Гордей мүмкіндігі шектеулі бола тұра 25 жасынан еңбекке араласып, кәсіби фотосуретші ретінде бірнеше ірі жобаларда қызмет атқарып келеді.

Келесі спикер Асан Саматов Орал қаласында «break» биін мейілінше дамытып, жастарды салауатты өмір салтына жетелеп жүрген жас жігіт.

«Қазір қалада «Urban Style» би қозғалысының 80 жас мүшесі бар, жалпы биге қызығушы жастардың саны жыл сайын артуда», — дейді жас биші.

30 жасар Асхат Рамазановтың бизнес саласында жеткен жетістігі өте зор. «Fiesta» дүкендер желісін 700 мың теңгемен бастап құрған кәсіпкердің бүгінгі таңдағы табысы 900 млн. теңгеге жеткен.

Тағы бір спикер — Данияр Рахметжанов дәстүрлі және заманауи ән өнерін ұштастырып жүрген өнерпаз. Өзінің «DIDI RECORDS» дыбыс жазу студиясыарқылы жастарды қолдап, отандық соңғы хит парадтағы «07 Аймақ», «Самая вышка» секілді хит әндердің жазылуына ықпал еткен жігіт.

Айта кетейік, бейресми алаңға келген жастар спикерлерге көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, жауап алды, суретке түсті.