Басты бетЖаңалықтарБатыс Қазақстанда...

Батыс Қазақстанда «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы талқыланды

Конференцияға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының және ҚР Ұлттық инженерлік академиясының өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік ғалымдар, өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары қатысты. Конференция жұмысын БҚО әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов кіріспе сөзбен ашты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста өткен жылы 250 мыңнан астам адамды қамтыған 150-ге жуық шара өткізілсе, ағымдағы жылы 414 шара өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық дәстүрді сақтау, қайта жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Ұлтымыздың ұлы мұрасы домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында облыстың барлық мектептерінде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнатуды қолға алдық. Мектептердің жанынан өлкетану музейлері ашылуда. Оған қоса тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында елімізде алғашқы болып «Рухани жаңғыру» музейі ашылған болатын. Бүгінгі күні оған он мыңға жуық адам келген. Оның ішінде алыс-жақын шетел мемлекеттерінің азаматтары да бар. Облыстан «Қасиетті орындар тізіміне» жеті ірі нысан енген болатын. Оның ішінде Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне елімізден және алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің қызығушылығы айрықша. Тізімге енген ортағасырлық Жайық қалашығы да жұртшылықтың назарында. Көне шаһардың орнын аспан асты тарихи-мәдени табиғи ландшафтық мұражай-қорыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Былтыр Сырым ауданында Алаш қозғалысының жүз жылдығы қарсаңында Алашорда музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп, экспозициялар жаңартылды, — деді Ғ.Оспанқұлов.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне бір жыл толғанын атап өткен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Ләззат Нұрқатова бағдарламаның еліміздің барлық саласына жаңаша леп, соны ізденіс әкелгендігін және қазақ өркениетінің даму үрдісіне ауқымды үлес қосып отырғанына айрықша тоқталды.

ҚСЗИ сарапшылары жүргізген сараптамалық талдаулар мен ивент-талдауларының нәтижесі көрсеткендей, Қазақстан халқы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарымен жақсы таныс және оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Қазақстаның жаңа 100 тұлғасы» жобалары жұртшылықтың үлкен қолдауына ие. Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты ұсынған жобаларының маңыздылығын қазақстандықтар жақсы түсінеді, — дейді Ләззат Төлегенқызы.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Хьюстон университетінің профессоры, ресейлік ғалым Юрий Афониннің пайымдауынша, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бағыттар екі ел әріптестігін одан әрі тереңдетуге үлкен мүмкіндік ашады.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының облыстық филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов елімізде Үкімет ұсынып отырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес алдыңғы қатарлы өндірістік бағыттарға ақпараттық технологияларды енгізу арқылы өнімді арттыру жолдары көзделіп отырғанына тоқталып, осы орайда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университеті цифрлы экономикамен тығыз байланыста жаңа бизнес модельдерін табысты енгізіп, лайықты бәсекеге түсе алатын білікті мамандар даярлауды басты назарда ұстайтынын атап өтті.

Конференция барысында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің ректоры Әліби Баяхов пен Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетінің өкілі Ильдар Хасаншин әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Бүгінгі таңда ҚазИИТУ ғылыми-білім кешені 37 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетімен бірге бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қоса, жасанды интеллект, экономика саласындағы информатика, ІТ технология салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бағдарламалық мақаладан туындайтын негізгі қағидаттар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы сияқты үлкен мәселелерді жан-жақты талқылап, өз бағаларын берді. Ресей елінің онға жуық жоғары оқу орнының белгілі оқытушы-ғалымдары, магистранттары мен студенттері қатысуда,-дейді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің ректоры Әліби Баяхов.