Сарыағаш шипажайы қай жерде орналасқан?

Сарыағаш шипажайы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Көктерек ауылында орналасқан. Егер Алматыдан тікелей Сарыағашқа баратын болсаңыз, арақашықтығы — 799,4 км. Ал Алматы-Шымкент бағыты бойынша жолға шығатын болсаңыз, онда екі қаланың арақашықтығы  — 686,1 км. Шымкент қаласынан Сарыағаш ауданына дейін — 118 км.

Сарыағаш шипажайының пайдасы қандай?

Оңтүстік Қазақстандағы кішігірім Сарыағаш қалашығы өзінің минералдық бұлақтарының арқасында елімізде ғана емес, шетелде де танымал. Елімізде 1930-1960 жылдар арасында шипалы су мен емдік балшығы мол көптеген жерлер табылып, зерттеліп, қазір адам игілігіне жаратылуда. Соның бірі — «Сарыағаш» шипажайы.

Бүгінде шипажай – алдыңғы қатарлы емдеу әдістерін игерген, жоғары жұмыс мәдениеті қалыптасқан және жаңа талаптарға сай мамандары бар ұжым. Емге пайдаланатын минералды суының температурасы 49-52С. Ол жерде ас қорыту органдарының қызметі, зат алмасуы бұзылған, жүйке жүйесі, қол-аяқ, тері т.б аурулармен сырқаттанғандар емделеді. Қазіргі таңда «Сарыағаш» емдеу-сауықтыру шипажайы бүкіл елімізге танымал сауықтыру орнына айналып отыр.

Қалай жетуге болады?

Аталған шипажайға ұшақпен баруды жоспарласаңыз, өкінішке орай, әуе билеттерін сатып ала алмайсыз. Себебі Сарыағаш қаласында әуежай жоқ. Алайда Сарыағаш қаласының маңында орналасқан әуежайларға барсаңыз болады. Олар:

• Шымкент — 99,98 км;
• Наманган — 207,07 км;
• Тараз — 234,48 км.

Сарыағаш қаласына жақыны әрі тиімдісі Шымкент әуежайы. Сондықтан әуелі Шымкент қаласының әуежайына баратын рейске билет аласыз. Билет бағасын және уақыт кестесін арнайы авиакомпаниялардың ресми сайттарына кіріп көрулеріңізге болады. Алматыдан Шымкентке ұшу уақыты 1 жарым сағат. Шымкент қаласына жеткеннен кейін Сарыағаш қаласына екі сағаттық жол жүресіз.

Алматыдан Сарыағашқа жетудің ең оңай жолы — пойызбен бару. Бірақ ол тек жексенбі сайын жүреді. Басқа күндері алдымен Алматы — Шымкент бағыты бойынша билет аласыз. Шымкент вокзалынан арықарай такси жалдауға болады. Такси жүргізушілерін вокзал маңынан табу қиын емес. Тіпті олар өздері-ақ сізді тауып алады.

Алматыдан Сарыағашқа тікелей жүретін автобус рейстері бар. Ол үшін Сарыағашқа беттейтін автобус тұрағына барасыз. Автобус тұрағы Үшқоңырда орналасқан. Уақыт кестесін автобус станцияларына қоңырау шалу арқылы анықтай аласыз. Әдетте, таңертеңгі немесе түскі уақыттарда жолға шықсаңыз билет бағасы арзан әрі орындар саны жеткілікті болады. Алматыдан Сарыағашқа автобуспен жүру уақыты 9 сағат. Егер Сарыағашқа тікелей жүретін автобустар болмай қалса, Алматы-Шымкент бағытына алсаңыз болады.

Сарыағаш қаласына жеңіл көлікті жалға алу арқылы да жете аласыз. Жолыңызға кететін орташа уақыт шамамен 5-6 сағат. Сіздің орналасу жеріңізге байланысты уақыт ұзақтығы да өзгеріп отырады. Сонымен қатар Шымкент, Сарыағаш қалаларының картасын телефоныңызға жүктеп қойсаңыз бағытыңызды тез табуға көмектеседі.

Орналасу құны: Сарыағаштағы қарапайым бөлме күніне 6 700 теңгеден басталады. Оның ішіне емделу мен төрт реттік тамақтану кіреді. Шипажайда жаттығу залы мен жабық бассейн де бар.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!