Шара барысында әлеуметтік және жастар саясатының өзекті мәселелері талқыланды. Бақытжан Сағынтаев болашақ мамандықтар бойынша мамандарды даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыру жаңалықтарын ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету жайында сөз қозғады.
Сондай-ақ, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де көтерілді. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Үкімет Президенттің бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында жол картасын қабылдағанын атап өтті. Жол картасы студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету, бүгінгі таңда сұранысқа ие техникалық бағыттағы мамандарды дайындау мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Премьер-Министр Төртінші өнеркәсіптік революция мәселелерін шешу үшін мамандарды даярлаудың маңыздылығын айтып өтті. Осыған байланысты Қазақстанда 20 колледж іріктеліп алынады, олардың екеуі бүгінде жұмысқа кірісіп те кетті.
Бұған қоса, оқу мезгілінде студенттерді үй-жаймен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін Мемлекет басшысы 2022 жылға дейін кем дегенде 75 мың орынға арнап жатақханалар салуды тапсырды.