Бұл — «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарының бастамасы. АҚШ-та білім алып жүрген бір топ студентіміз, оқудан бос уақытта өзгелерге қазақ тілін үйретіп жүр.
Нью-Йорктегі «Болашақ» стипендиатының иегерлері шетелдегі қазақстандықтар мен америкалықтарға қазақ тілін үйретуге кірісті. Алып мегополисте Ұлы Даланың дәстүрі мен мәдениетін, тілі мен салтын үйренуге талаптанғандар саны әлдеқайда көп болып шыққан.
«Осында «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға келген жерлестеріміз көп. Арамызда қазақ тілін жоғары деңгейде үйрете алатын ұстаздар, филолог, журналистер бар. Сондықтан бәріміз бас қосатын орын табу керек деп шештім. Нью-Йоркте қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арнап, Facebook-те хабарландыру жаздым. Алғашқы сабаққа 15 бала мен он шақты үлкен кісі келгенде таңғалдым. Барлығы осы бастамамызды қызу қолдап отыр», — деді қазақ тілі курстарының ұйымдастырушысы Раушан Найзабаева.
Раушан Найзабаеваның «Болашақ» стипендиясының арқасында Нью-Йорк университетінде «Онлайн және баспа медиасы» магистрлік бағдарламасы бойынша білім алып жатқанына екі жыл болды. Журналист қазақстандық студенттер мен диаспораның басын қосып, түрлі шаралар ұйымдастырып жүр. Астанадан екі баласымен бірге келген Раушан біраз уақыттан кейін балаларының ана тілін ұмыта бастағанын байқаған. Көптеген жерлесі де осы мәселеге уайымдап жүргенін аңғарады.
Осыған орай өзі оқып жүрген университет әкімшілігінен қазақ тілін меңгеруге арналған аудитория бөлуді сұрайды. Бүкіл әлемнен келген 50 мыңнан аса студент оқитын АҚШ-тың ең ірі жоғары оқу орны қазақ қызының бұл өтінішін жерде қалдырмаған.
«Отандастырымыздың бастамасы арқасында ана тілімізді одан ары дамытуға, тереңірек оқуға үлкен мүмкіндік туды. Қазақ тілін үйретуден бөлек бұл жерде қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын оқуға баса назар аударылған. Қазақ халқының мақал-мәтелдерін талдау мен үшін ең қызықты сабақ болды», — деді оқушы Мадина Ахмедина.
Бүгінде Нью-Йорктегі қазақ тілі курсына 40-тан аса адам қатысады.
Оқу уақыты — екі сағат. Қазақ тілі балаларға ойын түрінде оқытылады, сосын ата-аналарымен бірге тарих пен салт-дәстүрлерді «спикинг клаб» форматында талқылайды.
«Біз қазақ тілін, мәдениетін, дәстүрін білген соң келер ұрпаққа оны үйрету біздің парызымыз деп білемін. Сондықтан басқа студенттерді қазақ тілінде сөйлету, үйрету — біздің мақсатымыз», — деп атап өтті ұстаз Алия Жунусова.
Нью-Йорктегі оқушылар балабақша мен мектеп партасында латын әріптерін оқитындықтан, олар қазақ алфавитінің латын әліпбиіне көшуін тағатсыздана күтті. Болашақта латын әліпбиімен жазылған жаңа оқулықтар шыға қалса, балаларды оқыту анағұрлым жеңіл болмақ. Нью-Йорктегі отандастарымыз осы клубты балалардың ұлттық би мен домбыра тартуды үйренетін, қазақша сөйлесетін мәдениет орталығы ретінде кеңейтуге ниетті.