Халықаралық авиация күні қарсаңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математика факультетінің профессоры Қарлығаш Жилисбаева Қазақстанның аспан кеңістігін зерттеуге қаншалықты қауқарлы екенін айтып берді.

«Бәріне диссертациям «кінәлі»

 — Ғарышты зерттеу оңай емес. Нәзікжандылар бұл бағытқа беттей бермейді. Сіздің осы саланы таңдауыңызға не түрткі болды?

— Қызылорда облысында туып-өстім. «Байқоңыр» ғарыш айлағына жақын орналасқандықтан зымырандармен, ғарыш аппараттарымен ерте таныстым. Олардың адам тасымалдайтын ұшақ емес екенін, аспан әлемін зерттеуге аттанатынын білгенде, ғарышқа деген қызығушылығым арта түсті.

Қыздар қауымы қияли болып келеді ғой. Аспан әлеміне қатысты, ондағы тіршілік иелері жайлы іздеп жүріп оқитынмын. Мектеп бітірген соң Мәскеу мемлекеттік университетіне (МГУ) оқуға түстім. Механика бойынша білім алдым. Диссертациямды қорғайтын кезде ғылыми жетекшім басқару жүйесіне қатысты екі тақырып ұсынды. Бірі – қатты дененің динамикасы, екіншісі – аспан механикасы. Ойлануға бір апта уақыт берді. Екеуі де қызық тақырып. Екеуін бірге қарастырамын дедім. Ұстазым «Әй, әйелдер-ай! Сенікі нағыз әйел затына тән жауап болды» деп әзілдегені есімде. Осылайша, ғарыштық аппараттың қозғалысы туралы диссертация қорғадым. Ол аспан механикасына да, аспан механикасына да қатысты болды. Қыз балаға ғарышты зерттеу оғаш көрінетіні рас. Бірақ, менің таңдауым осы болды. Бәріне сол диссертациямның тақырыбы «кінәлі».

Профессор Қарлығаш Жилисбаева
Профессор Қарлығаш Жилисбаева ©Айгүл Хожантаева

Жердің басқа нүктесінен көрінбейтін объектілерді Байқоңырдан байқауға болады

—  Қазақстанның аспан әлемін зерттеудегі қауқары қандай? «Байқоңыр» ғарыш айлағын ғарышкерлердің «Меккесіне» айналдыру қаншалықты маңызды?

— Кеңес Одағы аспан әлемін АҚШ-пен бәсекелесе отырып меңгерді. Қазақстан КСРО-дан бөлініп шыққан кезде көптеген салалар дағдарысқа ұшырады. Бірақ дағдарыс кезеңіне қарамастан ғарышты зерттеу өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сонау 90-жылдардың өзінде Қазақстанда Ғарыштық Зерттеу институты құрылып жатты. Ол кезде ғарыш техникасын дайындайтын мамандарды оқытпақ түгіл, ғарыштан хабары бар адамдардың өзі «қасқалдақтың қанындай» тапшы еді.

Әлемде ғарыштық зерттеуге қабілетті мемлекеттердің саны көп емес. Тізімде Қытай, АҚШ, Ресей, Жапония сияқты алпауыт елдермен қатар Қазақстанның болғанының өзі бізге үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.

Қарлығаш Жилисбаева шәкірттерімен
Қарлығаш Жилисбаева шәкірттерімен ©Айгүл Хожантаева

«Байқоңыр» ғарыш айлағына келер болсақ, әлемнің алпауыт елдерінің барлығы осы жерден зерттеу орталығын ашуға ниетті. Байқоңыр географиялық жағынан да, экономикалық жағынан да, ғылыми жағынан да қолайлы орын. Бұл жерден ұшырылған ғарыштық аппараттар Жердің басқа нүктесінен көріне бермейтін объектілерді зерттей алады. Ғалымдар осыны анықтаған соң Байқоңырға деген сұраныс шамадан тыс артып кетті. Алайда, сұраныстарды қанағаттандыру үшін әлі де болса дайындық керек.

Ғарыш техникасы — қандай мамандық?

 — Елімізде ғарыш техникасы және технологиялары мамандарын дайындайтын университеттер бар. Мамандықтың миссиясы қандай?

— Ғарыш техникасы және технологиялары мамандығы 2010 жылы Қазақстанның бес ЖОО-да ашылды. Алайда, қазір тек үш оқу орнында ҚазҰУ, ЕҰУ және АЭжБ университетттерінде бар. АЭжБ университеті ғарыштық байланыс саласына негізделсе, қалған екі оқу орнында ғарыш техникасын жобалау және жасау негіздері үйретіледі. Алғашында ғарыш техникасын зерттеудің, оны 4 жыл бойы оқытудың не керегі бар дейтіндер көп болды. Көп адамдар біздің факультет ғарышкерлерді дайындайды деп ойлайды. Біз ғарышкерлерді емес, ғарыш аппараттарын дайындауды үйретеміз.

Студенттер дайындаған ғарыштық аппарат
Студенттер дайындаған ғарыштық аппарат ©Айгүл Хожантаева

Цифрлы Қазақстан саясаты қарқын алып келе жатқаны қуантады. Аппараттардың көмегімен адам баласы білмейтін дүниелерден хабардар болып жатырмыз. Ғарыш техникасы мен технологиясының адам өмірінде алатын орны ерекше. Ол тек қана аспан денелерін зерттемейді. Кейде адамдардан ғарышты зерттегеннен не пайда, аппараттары, зерттеулері қымбат тұрады, оның адамзатқа қандай керегі бар дегенді естіп жатамыз. Біз ғарышты басқа ғаламшарда, космоста не болып жатқанын білу үшін емес, жердегі құбылыстар мен оқиғалардың салдарын анықтау үшін зерттейміз.

Ғарыштық зерттеулер күнделікті тұрмыспен, шаруашылықпен де тікелей байланысты. Сіз күрішті қалай өсіретінін білесіз бе? Мен білемін. Диқандар күрішті сулы жерде өсіреді. Науқан кезінде оның пісіп-жетілуін күн сайын тексеріп отырады. Піскен соң судан құрғатып алып барып жинайды. Ал ғарыштағы камералар арқылы оның пісу мерзімін, шаруашылыққа қолайлы аймақтарды анықтап, ауа райын, жерге төнген қауіп туралы, экологияның бұзылуын, Каспий теңізінің мұнаймен ластану деңгейін, жаңадан түзілген немесе жойылып бара жатқан тау-тасты, өзен-көлді де анықтауға болады.

Ғарышкер ұшырудан ғарыштық аппарат ұшыру ұтымды

 — Ғарышкер дегенде, өткен ғасырдан Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаевты, жаңа ғасырдан Айдын Айымбетовті атаймыз. Жаңа есімдер неге жоқ? Қазақстан әуеге тағы ғарышкер аттандыруы керек пе? Әлде барлық міндетті адам үшін ғарыштық аппараттар орындай ала ма?

— Юрий Гагарин алғаш рет ғарышқа ұшқанда тұрақтандыру жүйесі болмаған. Ол ғарыш кемесінің теңселуінен түрлі қиындықтарға тап болған. Бұл физикалық жүктеме адам организмі өте ауыр. Ал қазір басқару, тұрақтандыру және бағдарлау жүйесі толық зерттеліп, дамып келеді. Ғарышкерді аспан әлеміне аттандыру әлдеқайда қауіпсіз бола бастады. Алайда, адам организмі төтеп бере алмайтын атмосфералық қысым, салмақсыздық, тағы басқа факторларға ғарыштық аппараттар төтеп бере алады.

Аспан кеңістігіне адам аттандыру оңай шаруа емес. Бұл процесс көп қаражатты, ғылыми зерттеулер мен тәуекелді қажет етеді. Қолымызда бар екен деп кез келген мемлекет ғарышқа адам немесе жасанды жер серігін ұшыра салмайды. Мұның бәрі әлемдік стандарттарға сәйкес болуы шарт. Бұл ғаламдық мәселе болғандықтан, барлық мемлекеттердің ғалымдары ақылдасып шешуі тиіс. Ғарышқа адам ұшырудың саяси, экономикалық, ғылыми мәні тереңде жатыр.

Ғарышқа ғарышкер ұшырғаннан қарағанда ғарыш техникасын ұшырған әлдеқайда тиімді. Қаржы жағынан болса да, беретін ақпараты жағынан болса да ұтымды. Қазір Астана қаласында Ұлттық ғарыштық технологиялық зертхана ашылып жатыр. Аталған зертхана елімізде жасанды жер серіктерін құрастырумен, жинаумен айналысады. Жасанды жер серігін құрастыруға қажетті құрал-жабдықтарды біз шетелден сатып аламыз.

Ғарыштық техниканы дайында
Ғарыштық техниканы дайындау ©Айгүл Хожантаева

Әр адамның өмір сүру жолы әр түрлі. Сол сияқты ұшырылған әрбір ғарыштық аппараттың да өз жолы болады. Сондықтан, жасанды жер серігін, наноспутник немесе басқа да шағын ғарыштық аппарат дайындауды, ұшыруды шығын деп емес, жаңа ғылыми жаңалық ашушы ретінде қабылдап үйренуіміз керек. Әр аппараттың зерттеу нысаны, өзіндік миссиясы, траекториясы болады.

Ғарышқа ұшыруға ең қолайлысы – наноспутниктер. Оның бағасы да, функциясы да қарапайым. Тіпті, университет қабырғасында оқып жатқан студенттер де жасай алады. Шығыны да аз. Әрине, ЖОО үшін қымбатқа түсуі мүмкін. Бірақ, әлем кеңістігі бойынша салыстыратын болсаңыз, әлдеқайда арзан әрі тиімді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!