ҚР Көлік қызмектерлері кәсіподағының төрағасы Оразғали Аxметбаевтың айтуынша, бүгінде теміржолшылар тарапынан көтерілетін басты мәселелердің бірі — зейнет жасын төмендету. Олар зейнет жасын бес жылға төмендетуді сұрап отыр.
«Бәріңіз жақсы білесіздер, Қазақстанда ер азаматтар 63 жаста зейнетке шығады. Теміржол саласында ауыр және денсаулыққа зиянды кәсіптер бар. Дәл осы кәсіп мамандары зейнет жасын төмендетуді сұрап отыр. Олардың ішінде теміржол жұмысшысы, поездарды тіркеушілер, вагонды қарайтын қызметкерлер және тағы басқа мамандар бар», — деді Оразғали Аxметбаев.
Кәсіподақ төрағасының айтуынша, теміржолшылардың бұл өтініштері қолдау таппауы мүмкін.
«Менің ойымша, кез келген мәселені шешуге болады. Бірақ теміржолшылардың зейнет жасын төмендету үшін қыруар қаржы қажет. Әлемдегі қазіргі экономикалық жағдай да тұрақты емес. Шетелде, керісінше, зейнет жасты көтеріп жатыр. Өйткені адамның өмір сүру ұзақтығы, демография және тағы басқа мәселелер бар. Соған қарағанда Үкімет оған бармауы да мүмкін»,- деді ол.
Оның айтуынша, бұған дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы машинистер үшін әлеуметтік жеңілдіктерді енгізген болатын. Бүгінде машинист пен оның көмекшісі 58 жасында салалық жәрдемақы ала алады. Сөйтіп, зейнет жасқа шыққанша 40 минималды есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы алуға мүмкіндік бар.