Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтің баяндауынша, Астанада 6 653 лифт тіркелген. Былтыр қала әкімінің тапсырмасымен 96 лифт, соның ішінде қызмет мерзімі біткен 63, апаттық 23 және «Өркен Қала» ЖШС қайтарымды қаражаты есебінен 10 лифт алмастырылған.
Құлышевтың айтуынша, лифт шаруашылығын пайдалану саласында, соның ішінде лифт компаниялары мен ПИК-тердің жауапкершілігін арттыруға қатысты нормативтік ережелерді реттеу қажет. Себебі ПИК тарапынан бақылаудың жоқтығы мен лифт компанияларының тиісті жұмыстарды атқармауынан лифтілердің тоқтап қалуы жиілеп кеткен.
Астана қаласы әкімінің тапсырмасымен қаладағы 117 нысанда 727 лифт қондырғыларын пайдаланып отырған 64 ПИК қызметі тексерілді. Соның нәтижесінде 239 көтеру механизмінде кемшіліктер анықталған.
«Қызмет көрсетуші ұйымдар мен иелері тарапынан өнеркәсіптік қауіпсіздік заңнамасы саласындағы талаптар толық орындалып отырған жоқ. Әкімшілік шаралар тиісті нәтиже бермеуде. Сондықтан олардың жауапкершілігін қылмыстық деңгейге дейін қатаңдатуды ұсыну қажет», — деп атап өтті әкім.