Тұтынушы мекеменің ішінде оның өмірі мен денсаулығына қауіп төнбейтінін талап етуге құқылы.
1-қадам. Дәрігерге қаралыңыз
Өз бетіңізбен ем жасаудан аулақ болыңыз. Жедел жәрдемді үйге шақыртыңыз. Дәрігерге қай жеріңіз мазалап тұрғанын, қандай ас ішкеніңізді, аурудың қашан басталғанын айтыңыз.
Медициналық баяндама сіздің басты дәлеліңіз бола алады. Дәрігерден неден уланғаныңызды, мысалы, «тамақтану мекемесінен шыққаннан кейін, өзін әлсіз сезініп, дәрігер шақыртуға мәжбүр болды» деп жазып беруін сұраңыз.
Шағым түсірмес бұрын ескеріңіз! Өзіңіздің дәл неден уланып қалғаныңызды білуіңіз керек. Кеше мейрамханада жеген балықтан ба, әлде таңертең даладан алып жеген бәліштен бе. Екі жағдайда да сізге нақыт дәлел керек. Сондықтан да дәрігердің баяндамасынсыз ештеңеде дәлелдей алмайсыз.
Шағым түсіруге чек пен шот (счет) дәлел бола алады. Сыртта тамақтанғаннан кейін, тым болмағанда 2 күн өзіңізде сақтап жүріңіз. Себебі уланудың белгілері бірден пайда болмауы да мүмкін.
2-қадам. Шағым түсіріңіз
Нұсқаулық:
- Мекемеде қай уақытта тамақтандыңыз;
- Қандай тағамға тапсырыс бердіңіз;
- Денсаулығыңызға қандай қауіп төнді;
- Қандай сомада өтемақы талап етесіз.
Медициналық есептің көшірмесін және чекті (бар болса) тіркеп, шағымды мекеменің заңды мекенжайына тіркелген пошта арқылы жіберіңіз. Немесе өзіңіз жеке барып тапсырыңыз. Мейрамхана өкілі сіздің көшірмеңізге күнін және қолтаңбасын қойып беруі қажет.
Өтемақы сомасы түскі асқа, емделуге және басқа шығындарға жұмсалған ақшаға негізделген. Егер емханада жату керек болса, уланудың салдарынан еңбек ақыңызды жоғалтқаныңыз үшін өтемақы талап ете аласыз. Яғни емделуге жұмсалған шығындардан басқа, мейрамхана сізге жұмыстан қалғаныңыз үшін қосымша төлемақы өтеуге міндетті.
3-қадам. Сотқа арызданыңыз
Арызда мыналарды көрсетіңіз:
- Қашан және қандай жағдайда уланып қалдыңыз;
- Денсаулығыңызға қандай зиян келді;
- Қандай дәлеліңіз және куәгерлеріңіз (бар болса) бар;
- Қояр талаптарыңыз қандай.
Медициналық баяндама, науқас демалысы туралы құжат, мейрамханада берген чек, мекемеге жазған шағымыңыз бен алған жауабыңыз және т.б. секілді құжаттарды тіркеңіз.
Жинаған құжаттарыңыз сол дәмханада уланғаныңызды толықтай дәлелдей алса, онда талаптарыңыз толығымен қабылданады. Егерде медициналық баяндамаңызда денсаулығыңызға нақты неден қауіп төнгені жазылмаса, онда сіздің заң алдында жеңіп шығу мүмкіндіктеріңіз аз.
Сонымен қатар, мекемеден денсаулыққа зиян келтірілгені үшін ғана емес, сонымен қатар моральды түрде зардап шеккеніңіз үшін де өтемақы талап ете аласыз. Себебі сіз сотқа жүгінген болсаңыз, демек мекеме сіздің жағдайыңызға байланысты ешқандай да шешім қабылдамай, қойған талаптарыңызды орындай алмағаны.