ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бүгінгі заңнамада «қоныс аударушылар мен олардың отбасы мүшелері» ғана көрсетілген. Ал жаңа заң жобасы бойынша қоныс аударушыларды жеке-жеке, соның ішінде некеге тұрмаған азаматтарды да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтып, өңірлік квотаға енгізу жоспарланып отыр.
«Бұған дейін оралмандардың отбасына ғана квота бөлінді. Өкінішке қарай, заңда сондай бір олқылық болды. Ал жалғызбасты оралмандардың заңды мәртебесі болмады. Ондай азаматтар аз емес. Енді, жаңа заң жобасы аясында отбасы бар оралмандар ғана емес, жалғызбасты оралмандар да квота ала алады», — деді Н.Әлтаев Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.
Бұдан бөлек, оралмандардың Қазақстан азаматтығын алуына қатысты сан алуан мәселелер бар. Атап айтқанда, бір жылдың ішінде азаматтықты алып үлгермеген оралмандар аз емес. Осыған байланысты оралман мәртебесін ұзарту туралы шешім қабылданды. Ол да жаңа заңның жобасында бар.
«Енді, оралман мәртебесін үш айға созуға болады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға өтініш беру керек. Бірақ ондай мүмкіндік бір рет қана беріледі. Ал өтінішті оралман мәртебесі аяқталғаннан кейін алты айдың ішінде жазуға болады», — деп атап көрсетті Н.Әлтаев.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде «оралман» деген сөздің орнына «отандас» және тағы басқа терминдерді қолдану мәселесі қаралып жатыр.
«Бұл мәселе сараптамадан өтуі керек. Сол кезде көреміз, не қалдырамыз, не басқа терминге өтетін боламыз. Комиссия өз жұмысын аяқтағаннан кейін белгілі болады», — деді Н.Әлтаев.
Айта кеткен жөн, Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға 1 миллионнан астам оралман көшіп келді. Олардың басым бөлігі — Өзбекстаннан оралғандар. Өткен жылы келген отандастардың саны 18 605 адам болды. Биыл одан да көп болады деген болжам бар. Оралмандарға қатысты жаңа заң жобасы Президенттің қол қоюына жіберілді.