Алғашқы асханамызды «Қасық» деп атадық

XXI ғасыр — асхана, кафе, ресторан, тойханалардың сұранысқа ие уақыты десек те болады. Сондықтан да менің қызығушылығым дәл осы салаға оянды. Бұған дейін қаншама істі қолға алып, жұмыс істеп көрдім. IT мамандығы бойынша білім алғандықтан, осы саланың үздігі боламын деп те ойладым. Бірақ компьютердің алдында мүлтіксіз 24 сағат үңіліп отыру маған лайықты жұмыс емес екенін түсіндім. Сондықтан әртүрлі салада өзімді сынап көруге бел будым.

Шыны керек, IT-дан бастау алған жұмыстарым сату, маркетинг, транспорт саласына дейін жалғасты. Транспорт саласында жұмыс істеп жүрген кезімде «Яндекс», «Uber» жобалары нарыққа енді кіріп жатқан еді. Осы проекттерде жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым.

"Sa'biz" кафесі
©Жеке мұрағатынан

Мен үшін ең үлкен мүмкіндік — ЭКСПО көрмесінің өтуі болды. Бұрыннан қазақша тағамдарымызды дәріптейтін кафе ашсам деген үлкен арманым жүзеге асты. Дәл сол уақытта ЭКСПО-да қызмет атқарушы компания қазақша асханалардың жоқ екенін, тек бір ғана «Қазан» деген рестораннның бар екенін айтты. Содан «неге қазақша асханамды ашпасқа?» деген ой туды. Кейін асханалар арасында конкурс болып, нәтижесінде жоғары ұпайға ие болдық. Сөйтіп, кішігірім орынға қол жеткізіп, ол жерде біз қазақтың және шығыстың тағамдарын ғана сататын болдық. Осылайша, алғашқы асханамызды «Қасық» деп атадық. 3 айдың ішінде келушілерге мың жарымнан аса тамақ түрінен дәм татқыздық. Содан жұмысымыз қарқынды жүріп, сұраныстар мен ұсыныстар көптеп түсе бастады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ЭКСПО аяқтала салысымен қала ішінен жаңа нүктемізді аштық. Аталмыш дәмханамыздың атауын «Sa’biz» деп атадық.

Қиындық кездесіп, сүрінген сәттерімде энергияны ата-анамның ақ тілегі мен батасынан аламын. Себебі, ата-ананың разылығын алмай жетістікке жетем деп ойлау бос әурешілік.

Басты мақсатымыз – қолжетімді бағада сату

Енді тұтынушыларымыздың көп болуына байланысты «неге осы саланы арықарай дамытпасқа?» деген ой келді. Бұл жердегі басты мақсатымыз — қолжетімді бағада сату. Сонымен қатар, шетелден келетін туристерге ұлттық тағамдарымызды дәріптеу.

"Sa'biz" кафесі
©Жеке мұрағатынан

«Sa’biz» деп аталуының себебі…

Ең бірінші, қалада ағылшынша және орысша аттар көп болғандықтан, қазақша ат қоюға бел будық. Екіншіден, кафенің атауын халықтың жадында тез сақталатындай етіп атағым келді. Сол кезде Елбасымыз латын әліпбиін енгізіп жатқан уақыт еді. Содан ел арасында жылдам таралып кетеді деген оймен «Sa’biz» деп атадық.

Өкінішке орай, біз атымызды қалыптастырып, жарнамаларға, логотиптерге тапсырыс беріп қойғаннан кейін, бір аптадан соң Алматыда латын әліпбиінің бірінші нұсқамасымен «Saebiz» деген асхана ашылды. Дегенмен, бұл жайт мені қынжылтқан жоқ. Себебі біздің жобамыз, деңгейіміз жоғары болды. Өйткені небәрі үш айдың ішінде тек Қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де алдында өзімізді көрсеткен едік. Бірақ әлі күнге дейін «Sa’biz» бен «Saebiz» бір дәмхана деп ойлайтындар көп. Дегенмен біз Астанада, олар Алматыда ғой(күліп).

Дәмханамызда ерекше үш тағам түрі бар

Біз ерекше үш тағам түрі арқылы нарыққа кірдік деп ойлаймын. Мысалы, ЭКСПО уақытында  донердің ішіне қазы қосып саттық. Бұл донерді тек қазақтар ғана емес, туристерде қызығып сатып алып жатты.

Ерекше тағам түрлері:

  • Қазы қосылған донер;
  • Хан палау,
  • Бешбармақ.
"Sa'biz" кафесі
©Жеке мұрағатынан

Бүгінде тамақтарымыз халықтың көңілінен шығып жатыр. Тіпті үйлеріне арнайы тапсырыс беріп алғызатындар да бар. Тұрақты келушілеріміз де жеткілікті. Естеріңізде болса, ЭКСПО уақытында тамақтардың бағасы қымбаттап, арты үлкен дауға ұласқан болатын. Ең жоғарғы баға 3600-7000 теңгенің көлемін құрады. Мұндай бағада туристер ғана алмаса, біздің қазақтар үшін өте қолжетімсіз баға еді. Дәл осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қолжетімді бағада тағамдарымызды шығардық. Міне, сол уақыттан бері бағамыз тұрақты әрі қолжетімді. Одан бөлек, мысалы, басқа қалаларға барсаңыз бешбармақты жалғыз өзіңіз жей алмайсыз. Міндетті түрде бес адамға тапсырыс бересіз. Ал, біз, ЭКСПО кезінен бастап бір адамға арналған порцияны сата бастадық. Және де жаңа әдіс бойынша, бешбармақты «Sa’biz» логотипі бар арнайы каробкаларға да салып сатамыз.

Кафеміздің дизайнын көзтартарлық ерекше үлгіде менің талғамыммен жасалынды. Шығармашылық жағына қатты мән бердім. Мысалы, қажет деп тапқан кітаптарыңызды алып оқи аласыз. Кез келген адам ғимараттың ішкі дизайнына қарап, сергіп, демалып қалады. Соған байланысты стильге де қатты мән бердім.

"Sa'biz" кафесі
©Жеке мұрағатынан

Қазіргі кезде он адамды жұмыспен қамтып отырмын. Жұмысшыларға қойылатын талаптар: жылы атмосфераны сақтау, адамдардың көңілінен шығу және сенімді адам болу. Сосын ұжыммен жұмыс істей алуы, жауапкершілік.

Білім алумен ғана шектелмеу керек

Қазіргі жастарымыз кәсіп бастағысы келсе, бірден кітап дүкендеріне барып, әртүрлі мотивациялық  кітаптар оқиды. Дегенмен сол кітапты оқығанның отыз пайызы ғана нәтижеге қол жеткізеді. Әрине, кітап оқу керек. Ол дұрыс! Дегенмен практикалық тұрғыда жетістікке жеткен адамдардан үйрену әлдеқайда жемісті. Солардың қасында жүріп, тәжірибе жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Яғни, тек білім алумен ғана шектелмеу керек.

"Sa'biz" кафесі
©Жеке мұрағатынан

 Оқуға кеңес беретін кітаптары:

  • «4-х часовая рабочая неделя», Тимоти Феррис;
  • «Граф Монте-Кристо», Александр Дюма;
  • «Crush it!», Гари Вайнерчук. 

Бос уақытымда спортпен айналысқанды, музыка тыңдағанды, достарыммен ой бөлісіп шер тарқасқанды жөн көремін. Жүгіруді қатты ұнатамын. Сол себептен де әр жыл сайын өтетін марафонды жібермей, қатысып тұрамын. Және де мән-мағынасы терең киноларды көргенді жаным сүйеді.

"Sa'biz" кафесі
©Жеке мұрағатынан

Алдағы уақытта Алматы қаласынан дәмханаларымызды ашқым келеді. Қазіргі уақытта ойын-сауық орталықтарының тағамдарының барлығы дерлік америкалық брендтрге толы. Сондықтан қазақтың тағамдарын әлемдік деңгейде дамытқым келеді.