Басты бетЖаңалықтар«Астана арландары»...

«Астана арландары» Венесуэланың «Caciques Venezuela» боксшыларымен жұдырықтасады

Жиында «Астана арландары» командасының бас директоры, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев Шымкент қаласы қазақстандық бокс клубы үшін сәтті орын екенін атап өтті.

— Былтыр да осы шаһарда жекпе-жектер өткізгенбіз. Шымкенттік жанкүйерлер бізді жақсы қарсы алып, қолдау көрсетті. Осы бокс мерекесін ұйымдастыруға көмек көрсеткен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігіне, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына алғыс айтамын. Сондай-ақ ОҚО бокс федерациясына да ризашылығымды білдіремін. Жанкүйерлерді жігіттерді қолдауға шақырамын. Мақсатымыз – кем дегенде жартылай финалға шығу. Одан кейін финалға шығу мәселесін де қарастырамыз, дайындаламыз. Бұл жұптың мықтысы «Астана арландары». Дегенмен, венесуэлықтар да осал емес. Құрамында Олимпиада ойындарына қатысқан жігіттер бар, — деді ол.

«Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков: «Жігіттер жеңіске деген құштарлықпен келіп отыр. Дайындығымыз жақсы. Жанкүйер сенімін ақтаймыз» деді. Команда капитаны Самат Бәшенов жігіттердің көңіл-күйі жақсы екенін жеткізсе, жергілікті боксшы Закир Сафиуллин жерлестерінің қолдауы жеңсітерге жетелейтінін айтты.

«Caciques Venezuela»  командасының өкілдері де жеңіс үшін аянып қалмайтындарын жеткізді. Осы команданың мүшесі Габриэль Маестро Лондон Олимпиадасында Серік Сәпиевпен жұдырықтасқанын еске ала келе, қазақ боксының беделі, деңгейі жоғары екеніне тоқталды. Бірақ, жеңіс үшін аянып қалмайтынын да білдірді. Венесуэлалықтар өз тобында Аргентина, Ресей және Польша мемлекеттерінің командаларымен кездесіп, екінші орынмен ширек финалға жеткен. Бұған дейін осы додада жартылай финалға шығып көрмеген.

Ал, дүниежүзілік бокс сериясының 2 дүркін жеңімпазы «Астана арландары» командасының бапкерлері бұл жекпе-жектерге Шымкенттің 4 жігітін шығаруды жөн деп тауыпты. Олар: Ж.Ержан, З.Сафиуллин, Б.Халметов және М.Еркін. Қалған 6 салмақ дәрежесінде де жас әрі талантты спортшылар өнер көрсетеді.

Сонымен, сәуірдің 22-сінде С-1 салмақ санатындағы мына боксшылар рингке шығады:

49 келі. Жомарт Ержан – Ангелино Кордово

56 келі. Н.Қалжанов – Хектор Гарсия

64 келі. Самат Бәшенов – Луис Аркон

75 келі. Әбілхан Аманқұл – Иохан Гонсалес

91 келі. Еркін Мұхамеджан — Дейвис Жулио

Сәуірдің 23-інде С-2 санатындағы боксшылар шеберлік байқасады.

52 келі. Азамат Исақұлов – Иоел Финол

60 келі. Закир Сафиуллин – Луис Карберра

69 келі. Бекзод Халметов – Габриэль Маэстро

81 келі. Арман Рысбек – Налек Корваж

+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев – Эдгар Муноз

Жекпе-жектер 22-ші сәуір күні «Оңтүстік-Циркте» сағат 21.30-да басталады. Билет құны 500-2000 теңге аралығында. Ендеше, боксшыларымызға қолдау көрсетіңіз, ағайын! Алға, «Астана арландары»!