Батыс Қазақстан облысында жаңа мектеп ашылды

Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынған жаңа мектеп – көптен күткен қуаныш. Бұл жыл басынан бері пайдалануға берілген екінші мектеп. Алдағы уақытта тек облыс орталығында емес, Бөкей Ордасы, Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарында мектептер саламыз. Елбасы білім саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Облыс бойынша бұл саладағы бюджет соңғы үш жылда 20 млрд. теңгеге көбейді. Биылғы жылға да ауқымды жоспарларымыз бар. Мұғалімдер жағдайына да мемлекет басшысы баса назар аударуда. Осы орайда жаңа форматқа оқуға көшкен мұғалімдердің жалақысы көбейетін болады. Оған қазір республикадан тиісті қаражат күтіп отырмыз. Бастысы жыл сайын бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін оқушылар №12 мектепте оқыды. Орын болмады. Енді бұл шағынауданның оқушылары өз мектебінде оқитын болады. Бұл ауданға су берілді, газ келді, жол да жақсарып келеді. Бұның бәрі — экономикамыздың дамуының көрсеткіші, — деді А.Көлгінов.

Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метр мектеп ғимаратында 56 кабинет бар. Сонымен қатар, 25 оқырманға арналған кітапхана, 2 шеберхана, барлық құралдарымен жабдықталған спорт залы, 200 орындық мәжіліс залы, радиоторап кабинеті, 130 орынға арналған мектеп асханасы салынған. Барлық кабинеттер проектілік экранмен жабдықталған. Мектепке 500 оқушы, шағын орталыққа 100 оқушы қабылданбақ.

Айта кетейік, жобаны іске асыру үшін 1 255,609 млн.теңге ақша жұмсалды.