Спортшылар үш күн бойы өзара мықтыны анықтады. Соңғы күні 2002 жылы туылған спортшы қыздар жарыс жолына шықты. Жарыс нәтижелері бойынша қаланың үздік гимнастшысы Нинель Ниязова атанды.
— Мен осыншама қатысушыдың ішінде чемпион атанғаныма аса қуаныштымын. Мен енді қала біріншілігінің екі дүркін чемпионы болдым. Бұл адал еңбектің, күнделікті жаттығулар мен xореографияның арқасында. Жалпы жеңіс оңай ғана берілмейді, еренбей еңбек ету керек. Мен тоғыз жыл бойы гимнастикамен шұғылданамын, бүгінгі жеңіс осы жылдарда жинаған шеберлік пен тәжірибиенің жемісі деп ойлаймын, — деп бөлісті жарыс чемпионы Нинель Ниязова.
Ал күміспен үш ұпай айырмасымен София Раченкова күптелді. Қола жүлдесі екі спортшының қанжығасына байланды. Бірдей ұпай сандарын жинаған Дара Затынбек және Анастасия Рязанова қоланы қанағат тұтты.
Қала біріншілігінің басты мақсаты Алматыда көркем гимнастиканы дамыту, гимнастшылардың шеберліктерін арттыру, жастар арасында осы спорт түрін таныту және салауатты өмір салтын қалыптастыру болып табылады.
Чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан кішігірім сыйлықтар табысталды.
Еске сала кетсек, жарыстың басты ұйымдастырушысы Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы.