Гастрит қайдан пайда болады?
Гастриттің пайда болу жолдары өте көп:
- Өткір ішек инфекциясы. Біз қандай да бір ішек жұқпаларын жұқтырған кезде, асқазан-ішек жолдары мен асқазан зардап шегеді. Содан соң, асқазанның шырышты қабығы қабынады;
- Улану. Бұл да өткір ішек инфекциясы секілді. АІЖ (асқазан-ішек жолдары) ағзаға зиянды заттар түскенде олардан құтылуға тырысқан сәтте асқазан, ішек жолдары зақымданады;
- Кейбір дәрі-дәрмектерді қабылдау. Көбінесе ауырсынуды басатын дәрілерді қолдану асқазанға кері әсерін береді;
- Өт ауруының асқазанға әсер етуі;
- Адамның жас шамасы. Жасымыз ұлғайған сайын көптеген аурулардың, сонымен қатар гастриттің қаупі артады;
- Ағзамыздың өз жасушаларына шабуылдаунан туындайтын автоиммунды аурулар;
- Helicobacter pylori бактериясы. Бұл созылмалы гастритке жиі әкеледі. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол жер шарындағы халықтың 50%-нан астамында кездеседі. Бактериялардың көбісі тасымалдаушы. Сондықтан ол туралы білмеуімізде мүмкін. Оның таратылуын тоқтатудың жолы да түсініксіз. Сондықтан біз тек дер кезінде ауруды анықтап, емделе аламыз.
Қосымша қауіп факторлары – темекі шегу, алкоголь тұтыну, стресс.
Гастриттің белгілері қандай?
Әдетте, гастрит екендігін айқындайтын нақты белгілер жоқ. Өйткені, гастрит ауру көрсеткішсіз жүре беруі мүмкін. Гастриттің басты белгісі – асқазанның жоғарғы бөлігіндегі жайсыздық. Гастриттің өзге де белгілерін атап өтетін болсақ:
- Жүрек айну;
- Құсу;
- Тәбеттің жоғалуы;
- Кекіру;
- Іштің кебуі;
- Ас қабылдағаннан соң жағымсыз сезіну.
Егер асқазанның шырышты қабығы қатты зақымдалған болса, асқазан жарасына ұқсас ауырсыну белгілері қосылуы мүмкін.
Бұл асқазан-ішек жолдарының барлық дерлік аурулары үшін жалпы белгілер: функционалды диспепсиядан (асқазанның тамақ қорыта алмауы) бастап тітіркенген ішек синдромына дейін.
Сол себепті, әрқашан гамбургер жеп болған соң өзіңізді жаман сезінсеңіз, «менде гастрит бар» деп айту дұрыс емес. Ең дұрысы өмір салтын түзету, содан кейін ғана емделу керек пе және нақты неден емделу керек екенін тексеру керек.
Материалды дайындаған: Лаура Сақыпбек