Бақытжан Сағынтаев Қызылорда облысына іссапармен келді

Премьер-Министрмен кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік бастамаларын ашатын жаңа мүмкіндіктері: қолжетімді баспана, салық салуды төмендету, студенттерге арналған жаңа пакет – қосымша гранттар мен жатақханалар, микрокредиттеуді кеңейті, тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа газ құбырларын тарту және өңірлерде бизнесті дамыту толықтай қаралды.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын жүзеге асыру аясында инфрақұрылымды жаңғырту, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және саланы ырықтандыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.

Бес бастама бойынша нақты іс-шаралар мен орындалу мерзімін қамтитын Жол картасы іске қосылуда. Барлық іс-шаралар 2022 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Қазіргі уақытта олардың орындалу тетіктері толықтай пысықталуда —  наурыз айының соңына дейін қажетті заңнамалық өзгерістер жасалады.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек қазақстандықтарға тиімді шарттармен баспана беру бойынша қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ететін «7–20–25» бағдарламасының жасалуы, іске қосылатын мерзімі мен қатысу шарттары туралы мәлімдеді.

Талқылау барысында «Болашақ» университетінің ғылыми басшысы Б.Досманбетов, жырау А. Алматов, облыстық медицина орталығының дәрігер-хирургы Н. Амитов, облыстық музыкалық драма театрдың көркемдік жетекшісі А. Хусейн пікір білдірді.

Білім және ғылым  вице-министрі Талғат Ешенқұлов білім беру мәселелері және жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студенттік жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту жоспарлары туралы баяндама жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев «Микрокредиттеуді кеңейту» Төртінші бастамасы аясында берілетін жаңа мүмкіндіктерді түсіндірді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру үшін  салық жүктемесін төмендету туралы айтты.

ДереккөзPrimeminister.kz