Басты бетҚоғамБақытжан Сағынтаев...

Бақытжан Сағынтаев қазақ тілін тегін үйрететін курстарды жандандыруды тапсырды

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының өткен жылғы нәтижесіне көңілі толатынын атап өтті. Дегенмен бірнеше мәселелерге әлі де көңіл аудару қажет екенін айтты.

«Біріншіден, халыққа қазақ тілін ақысыз, тегін үйрететін курстардың жұмысын белсенді жандандыру қажет. Сонымен қатар өзге тілдерді оқытып, үйрететін курстардың қолжетімділігін арттыру, оның ішінде интернет, ақпараттық ресурстар арқылы үйретуге айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Бұл — Мәдениет және спорт министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысы. Екіншіден, қазақ тілінің латын графикасына көшуін іске асыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет. Әліпбидің кезең-кезеңімен көшуі бойынша тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға іс-шаралар жоспарының дер кезінде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Үкімет басшысы.

Ол бұл жұмыстардың атқарылуын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевқа комиссия төрағасының орынбасары ретінде Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірлесе отырып бақылауды тапсырды.

Премьер-Министрдің айтуынша, тілдерді үйрену мен қолдануға және арнайы әдебиеттерді жарыққа шығаруға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлініп отыр. Осыған байланысты халықтың арасында кеңінен сұранысқа ие заманауи оқу әдістемелік құралдарды, балалар кітаптарын басып шығару керек.

ДереккөзInform.kz