«Убийство Роджера Экройда»
Агата Кристидің бұл шығармасы нағыз шедевр. Шиеленіскен оқиғаларымен оқырманды сұрақтың астында қалдырары сөзсіз. Шығармадағы әр кейіпкер «кісі өлтіруші осы ма екен?» деген ой тудырады. Романды соңына дейін оқымасаңыз, қылмыскердің кім екенін таба алмайсыз. Бұл Кристидің басты ерекшелігі.
Оқиға Кингз Эббот ауылында орын алады. Феррар есімді әйел өз күйеуін өлтіріп, жесір қалады. Артынша өзі де өледі. Бірақ жесір әйелдің өлімі бәріне құпия. Өзіне қол жұмсады ма, әлде кісі өлтіруші басқа біреу ме? Бұл ауылда орын алған оқиға сізді таңғалдырмай қоймайды. Оқиға өте ерекше аяқталады. Сонымен бұл отбасының шырқын бұзған кісі өлтіруші кім болды екен?
«Десять негритят»
10 негр бала тамақ ішуге келіп, арасындағы біреуі уланып қалады. Сөйтіп олардың саны 9 болады. Бұл шығарма автордың ең ауыр және трагедиялық оқиғаға толы романдарының бірі. Қылмыскер үнемі оқиға желісінде емес, кадр сыртында қалып отырады. Әр адамның өлімі оқырманды жан түршігерлік жағдайға дейін жеткізеді. Сюжеті қызықты, әдеттегідей шытырман және құпия оқиғаларға толы.
«Зло под солнцем»
Бұл шығарманың оқиғасы ғажайыпқа толы. Мұндай жанрдағы кітаптарды тәтті кәмпит секілді жей бергің келеді. Бірақ нормасынан көп жеп қойсаң, тісің ауырып, тәттіге мүлдем қарай алмай қаласың.
Детектив Эркюль Пуаро өз ісінің шебері. Ол демалысқа шығып, контрабандашылардың аралындағы «Көңілді Роджер» қонақ үйіне орналасады. Бірақ сұмдық бір оқиғаның орын алатыны айтпаса да белгілі ғой. Шипажайда бәріне танымал сұлу әйел қаза болады. Оның өліміне күдіктілер: күйеуі, күйеуінің бала күніндегі дос қызы, асыранды қыз, көңілдесі, көңілдесінің әйелі, жалғызбасты екі демалушы, фанатик дін қызметшісі, және әйелдің бұрынғы көңілдестері. Бұл істе детектив Пуароға біраз тер төгу керектігі көрініп тұр. Қас сұлудың өлімі кімге керек болды екен? Мафия ойынына айналған қылмысты детектив қалай шиеленістіреді? Әйелдің өліміне кінәлі адам кім екенін білгіңіз келсе, романды оқып шығыңыз.
«В 4.50 из Паддингтона»
Таңғаларлық оқиға желісі, келеңсіз жағдайлар, түсініксіз кейіпкерлер. Сізге бір әжей келіп: «көрші купеде бір ер кісі әйел адамды тұншықтырып өлтірді» десе, сенесіз бе?Пойызда орын алған қылмысты оқиға әжейдің көзіне көрінген елес пе, әлде шынайы болған жағдай ма? Екі ойлы болып қаларыңыз сөзсіз. Себебі басқа куәгерлер жоқ. Әжейдің сөзіне құлақ асқан бір ғана адам бар. Ол атақты детектив — Мисс Марпл. Шиеленіскен қылмысты оқиға арасынан Марпл ханым кісі өлтірушіні қалай анықтайды екен?
«Убийства по алфавиту»
Ағылшын алфавитінде 26 әріп бар. Қылмыскер детектив Пуароға «A, B, C» деп үш әріп жазылған хат жолдайды. Қылмыскердің кісі өлтіру тәртібі бөлек. Қылмыс жасалатын көше атауларының алғашқы әріптері алфавит тәртібі бойынша орналасқан. Пуароның мақсаты — қылмыскерге ойын жүзеге асыруға жол бермеу. Яғни, 26 адамның тағдыры детективтің қолында.