Екпенің арқасында ағза аса қауіпті ауруларды тудыратын бактериялар мен вирустарға төтеп бере алады. Мысалы: туберкулез, көкжөтел (коклюш), дифтерия, гемофильді жұқпа және сіреспе (столбняк).
Екпенің қандай маңызы бар?
Бала дүниеге келген кезде алғашқы 4 күн ішінде бірінші екпе салынады. Бұл баланың иммунитетін туберкулезден қорғау үшін егіледі. Сондай-ақ, осы екпеден кейін 1-2 күннен соң В гепатитіне қарсы тағы бір екпе салынады.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексте арнайы профилактикалық егулер жүргізу мерзімдері бар. Сол кесте бойынша біз емханада тіркелген әрбір баланың екпе алуын қадағалаймыз.
Екпе күнтізбезі бойынша бала екі айға толғанда бірінші АКДС салынады. Құрамында 6 түрлі ауруға қарсы витамин бар. АКДС-пен бірге В гепатитіне қарсы тағы бір екпе салынады. Бала үш айға толғанда дифтерия, сіреспе, көкжөтелге қарсы АКДС салынады. Төрт, бес және алты айлығында, бала 1 жасқа толғанда да осы екпелер әр түрлі компоненттермен егіледі. Осылайша, бала бір жасқа толғанша мерзіміне сай бес түрлі екпе алады.
Бұдан кейін балаға 1 жас 6 және 8 айлығында (яғни, туғанына 18 ай және 20 ай толғанда) тағы да АКДС екпесі салынады. Мектепке барған кезде 6 немесе 7 жасында қызамыққа, қызылшаға қарсы екпе егіледі. 7 жастан асқанда сіреспе мен туберкулезге қарсы тағы бір екпе салынады. 13 жасында В гепатитіне қарсы және қызамыққа қарсы екпе, 16 жасында дифтерия мен туберкулезге қарсы арнайы екпе егіледі.
АКДС екпесін жасағаннан кейін не істеу керек?
Балаға екпе жасалғаннан соң емхана айналасында 30-40 минут серуендеген дұрыс. Себебі жоғарғы аллергиялық реакция дами бастаса, дәрігерге жедел түрде қаралған жөн.
Үйге келген кезде бір тәулік бойы баланың дене қызуын тексеріп тұру керек. Егер баланың дене қызуы жоғары болса, онда міндетті түрде өзіңіздің дәрігеріңізге қоңырау шалуға және онымен ары қарай не істеу керектігі туралы кеңес алған жөн. Екпе алған күні:
- баланы жеткілікті тамақтандырмаған жөн;
- сұйықтықты көп беру керек;
- бөлмедегі ауа температурасы 22 °С-дан жоғарыламасын;
- балалар алаңына, қонаққа бармаңыз және қонақ шақырмаңыз.
Жоғарыда айтқан екпелердің қайсысын салсақ та, баланың дене қызуының көтерілуі, (қалыпты жағдайда 37,50С-ден аспауы тиіс), тәбетінің төмендеуі кездеседі. Сондай-ақ, екпенің орны қызарып, ісініп тұрады және бала ауырсынуды сезінеді. Мұндайда баланың жағдайын үнемі қадағалап отыру керек. Бірақ, бұл белгілер бала өміріне қауіп тигізбейді.
Қандай жағдайда кері әсерін тигізеді?
Екпелер кейде түрлі жағдайда асқынып кетеді. Оның ең басты себебі – екпе салынған адам ағзасының жеке реакциясымен байланысты. Ұлттық медициналық күнтізбеге енген екпелердің ішіндегі АКДС (көкжөтел, дифтерия, сіреспе) екпесі адам ағзасына ерекше ауыр қабылданады. Екпе балаға кері әсерін тигізбес үшін:
- егер балада аллергия бар болса, онда аллергияның асқынбаған кезде екпе жасау үшін уақытты белгілеген жөн (мысалы, поллиноз ауруымен ауыратындар үшін — күз бен қыс, жаз — тыныс алатын аурулармен ауыратындар үшін);
- екпеден кейін 5-6 күн барысында балаға антигистаминді дәрілер беру қажет;
- ата-аналар диета сақтауды және балаға екпе жасау кезеңінде тағамның жаңа түрін беруге болмайтыны туралы білгені жөн;
- егер АКДС екпесін жасаудың уақыты келгенде бала ауырып қалған болса немесе екпе жасауға болмайтын басқа да себептер туындаса, онда оны кейінге қалдырады. Яғни, екпені бала жазылғаннан кейін бірден жасаған жөн.
Қай жағдайда екпе салынбайды?
Егер бала қандай да бір аурумен ауыратын болса, оған екпені белгілі бір тәртіппен енгізеді. Мәселен, төмендегі диагнозы анықталған балаларға екпені арнайы тәртіп бойынша салады.
- аллергиясы бар балаларға екпе жасар алдында 2-3 күн бұрын және екпеден соң 3-5 күн арнайы гистаминге қарсы тамшыларды береді.
- демікпемен ауыратын балаларға екпе кезінде негізгі емнің мөлшерін жоғарылату ұсынылады.
- 3 айдан 5 жасқа дейін болатын құрысуға шалдыққан балаларға АДС-М (дифтерия мен сіреспеге қарсы екпе) енгізгеннен кейін 1-2 күн және тірі вакцинаны енгізгеннен кейін 5-күннен бастап парацетамол береді.
- иммунитеті төмен балаларға белсенді емес вакциналар қауіпсіз болғанымен қажетті нәтиже бермеуі мүмкін, ал тірі вакцинаны оларға енгізбейді.
- жүйке жүйесінде ақауы бар балаларға вакцина енгізетін болса, үш күннен соң кері әсері байқалуы мүмкін. Сондықтан, оларға тек невропатолог рұқсат берген кезде ғана екпе жасайды.
Екпені жасауға тыйым салынатын жағдайлар:
- аталмыш препаратты алғашқы енгізген кезде кері әсері болған жағдайда;
- қатерлі аурулар;
- СПИД.
Ал уақытша екпені тоқтатуға безгек немесе созылмалы аурулар түрткі болады. Мұндайда екпе бала толықтай жазылған соң енгізіледі.
Дәрігерден кеңес:
Қазір көпшілік ата-аналар баласына екпе жасаудан бас тартады. Бұл баланың болашағы үшін өте қауіпті. Егер дәрігерден күмәндансаңыз, бірден жақсы маманға апарған жөн. Сондай-ақ, әрбір ата-ана баласына қандай екпенің жасалатынын білуі керек.
Дәрігерден екпе несімен қауіпті, екпеден кейін болатын түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін қандай шара қолдану керек және қалыпты жағдайда болатын өзгерістер туралы сұрауы тиіс. Көбіне аналар баласы екпені көтере алмайды, кері әсері болуы да мүмкін деп қорқады. Ағзаның екпеге қарсы жауап беруі сол сәттегі баланың жағдайына тікелей байланысты. Егер бала екпе кезінде тек ана сүтімен қоректенсе, анасы оның денсаулығына асқан жауапкершілікпен қараса, екпенің кері әсері болмауы тиіс.