22 наурыз күні Бурабай курортында тегін автобустар қатынайды

Арнайы автобустар арқылы Бурабай курортына келген туристер бірнеше нысанға тегін бара алады.

«Әдетте Бурабайға туристер екі күндік демалысқа келеді және уақытын дұрыс жоспарлай алмайды. Көптеген орындарға барып үлгермейді. Сол себепті, Наурыз мерекесі құрметіне пилоттық жоба ретінде арнайы автобустар бөлдік. Автобус «Hop on-hop off» әдісімен жүреді, яғни жолаушылар кез келген 5 аялдаманың бірінен отырып, Абылай хан алаңы, Лапландия, Табиғат музейі сынды нысандарға тегін бара алады. Щучье қаласының орталығындағы жалпыхалықтық мейрам да автобус бағытында қарастырылған. Алдын ала кестені білу арқылы туристер өз уақытын дұрыс жоспарлап, тегін сапарлай алады», — деді Ақмола облысы туризм басқармасы жанындағы Туристік ақпараттық орталық басшысы Данияр Идиятов журналистерге арналған «Visit Aqmola» баспасөз турында.

Орталық басшысының айтуынша, автобустар белгіленген бағыт бойынша таңғы 9-дан кешкі 20:00-ге дейін жүреді. Олардың аралық уақыты — 1 сағат 20 минут. Егер жоба сәтті жүзеге асса, туристік ақпараттық орталық әр мейрам күндері тегін автобустар бөлуді жолға қоймақ.

Автобустар кестесін туристік орталықтың әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады.

Дереккөзkazinform.kz