Басты бетЖаңалықтарМәлік Хасенов...

Мәлік Хасенов Астана футбол федерациясының президенті болып сайланды

АФФ басшысы Федерацияны басқарған 4,5 жылдың ішіндегі атқарылған шаруалар туралы баяндап, жыл сайын елордамызда футбол, футзал және шағын футболдан 30-ға жуық турнирлер мен біріншіліктердің өтетіндігі туралы айтты.

Расымен де бүгінде елорда футболының деңгейі өте жоғары. Мәселен, әуесқойлар арасындағы Қала біріншілігіне барлығы 14 команда қатысады. Олардың арасында кәсіпқой футболшылар да бар. Әртүрлі жылдары Мұрат Тілешев, Андрей Карпович, Максим Жалмағамбетов, Антон Чичулин, Исламбек Қуат, Санат Жұмаханов және ағайынды Азовскийлер ойнады.

Атап өтетін тағы бір жайт, қала біріншілігіндегі ойындардың басым бөлігі еліміздің басты стадионы «Астана-Аренада» өтіп, әуесқой футбол мен кәсіпқой футбол арасында өзіндік көпір орнап жатады. Ал Астана біріншілігінің чемпиондары республикалық турнирлерде үнемі топ жарып, елорда футболының деңгейі кәсіпқой футболда ғана емес, әуесқой дәрежеде де өзге аймақтардан жоғары екендігін дәлелдеуде.

Бұдан бөлек, Астана футбол федерациясы балалар-жасөспірімдер футболына да зор көңіл бөледі. Атап айтқанда, 2015 жылы ашылған Балалар футбол орталығында 200-ге жуық жеткіншек тәлім алса, Федерация аясында өтетін Астана оқушылар лигасының алғашқы маусымына 24 команда қатысып, биыл олардың саны 158 командаға жетті. Ал жалпы оқушылар лигасындағы жеткіншектер 1896 ойыншыға көбейді. Дәстүр бойынша жыл сайын ең үздік мектеп шетелде оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік алады.

Астана футбол федерациясы – корпоративтік турнирлер өткізуден де өз саласында үздік саналады. Осы кезге дейін Федерация «Самұрық-Қазына» лигасы мен кубоктарын ұйымдастырып, жыл сайын BI-group турнирін өткізіп келеді. 2016 жылдан бастап қолға алынған журналистер арасындағы BAQ league бәсекесіне «Хабар» агенттігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы, «Астана» телеарнасы, «Еуразия+ОРТ», «Qazsport», «Асыл арна» сынды ірі республикалық телеарналар мен «Qazaq radiolary» және «Егемен Қазақстан» газеті сынды БАҚ командалары қатысады. Федерация аясында өтіп жатқан Студенттер лигасы да жоғары қарқынмен дамуда.

АФФ президентінің баяндамасын тыңдаған Конференция өкілдері Лашын Аймағамбетовтың қызметтен босау жайлы өтінішін мақұлдап, оның орнына бірауызды шешіммен Мәлік Хасенов сайланды.

«Маған сенім білдіргендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін! Шынын айтқанда бұрынғы басшының атқарған еңбектері орасан. Осы кезге дейін қолға алынып, жүзеге асырылған жобалардың барлығы үлкен құрметке лайық. Осы бастамалардың барлығын жаңа белестерге шығарып, елорда футболын одан әрі дамытуға ат салысамын», — дейді Мәлік Хасенов.

Ал АФФ Атқару комитетінің құрамындағы өзгерістерді айтар болсақ, Александр Коночкиннің мүшелік өкілеттігі тоқтатылып, оның орнына «Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов сайланды.

Дереккөзbaq.kz