Жемқорлыққа қатысты айыпталған шенеуніктер кімдер?

Жемқорлыққа қатысты деп айыпталған шенеуніктер кімдер, оларға қандай жаза тағайындалды?

Мұратхан Тоқмәди

Алматыда 12 маусым күні қазақстандық арнайы қызметтер шұғыл операция барысында «КазСтройСтекло» ЖШС бас директорының кеңесшісі Мұратхан Тоқмәдиді  бопсалаушылық жасауға қатысты күдікті ретінде ұсталды. Кәсіпкер 2005 жылы «Семрюжком» ЖШС және «КазСтройСтекло» ЖШС құрылтайшысына қатысты қорқыту мен зорлық көрсету арқылы  кәсіпорындардың жарғылық қорын иеленуге қатысты күдікті саналды.

Мұратхан Тоқмәди
Көрнекі сурет

Наурыздың 16-сы күні Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 51 жастағы бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиді 10 жыл алты айға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарды. Сот оны 2004 жылы бұрынғы «ТұранӘлем Банк» жетекшісі Ержан Тәтішевті тапсырыс бойынша атып өлтіргені үшін айыпты деп таныды. Сот үкіміне сәйкес, Тоқмәди жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейтін болады.

Ғани Садыбеков

2 наурызда Қазақстан энергетика вице-министрі Ғани Садыбеков пен тағы бірнеше адам қаржы жымқырды деген күдікпен ұсталды. Ұлттық бюро ақпаратына қарағанда, Ғани Садыбеков Щучинск-Бурабай шипажай аймағындағы көлді тазалауға бөлінген мемлекет қаржысын жымқырған.

Ресми дерек бойынша, Садыбеков 2017 жылы қол қойған жалған акті бойынша энергетика министрлігінен атқарылған жұмысқа 3,6 миллиард теңге артық төленген. Бұл қаржының 1 миллиард теңгеден астамы жымқырылған. «Жымқырылған қаржы тінту шаралары кезінде тәркіленген». Ұлттық бюро бұл факт бойынша Ғани Садыбектің уақытша екі айға қамалғанын хабарлады.

Қуандық Бишімбаев

Қазақстанда 2017 жылғы ең үлкен «жемқорлық дауы» дегенде көпшілік есіне ең алдымен бұрынғы Ұлттық экономика министрі, 36 жастағы Қуандық Бишімбаевтың ісі түседі.

Қуандық Бишімбаев
Көрнекі сурет

Ол мемлекеттік басқару жүйесіндегі бұрынғы жұмысында «бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған» деген күдікпен 10 қаңтарда Астанада ұсталып, ізінше екі айға қамалған. Кейін сот оның қамау мерзімін бірнеше рет ұзартқан. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының мәліметінше, Қуандық Бишімбаевқа жалпы сомасы 346 миллион теңге пара алған және 1,2 миллиард теңге көлемінде қаржы жымқырған деген айыптар тағылған. Сот үкімі бойынша Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды.

Мәлік Досымбеков

Шілде айында Қазақстан ішкі істер министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының бас директоры Мәлік Досымбеков ұсталды.

©Ratel.kz

Ұлттық бюроның ресми сайтында «13 шілдеде «Қазавиақұтқару» АҚ директоры М. Досымбеков пен ауыл шаруашылығы министрлігінің «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің бас директоры Т. Сексенбаев шетелдік компанияның жетекшісінен 50 мың доллар пара алып, құны 12 миллион доллар тұратын «МИ-171Е» тікұшағын сатып алу бойынша келісімшартқа қол қойып жатқан жерінен ұсталды» деп жазылған.

Ұлттық бюроның хабарлауынша, параның жалпы сомасы 100 мың долларды құраған. Күдіктілер сот санкциясымен қамалған. Қазір тергеу жүріп жатыр.

Қанат Сұлтанбеков

2017 жылғы қарашаның соңына қарай Астананың қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери соты «Қазақстан инжиниринг» компаниясының басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары 41 жастағы Қанат Сұлтанбековті «пара алғаны» үшін айыпты деп таныды.

Көрнекі сурет

Сот оны 10 жылға бас еркіндігінен айыруға үкім етіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырған еді. Алайда, 4 ақпан күні Қазақстан әскери соты Қанат Сұлтанбековті бостандыққа шығарып, оған тағайындалған түрме жазасын ірі сомадағы айыппұлға ауыстырды.