Мұратхан Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, бопсалаумен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылған едi.
Бүгiн Жамбыл облысы бойынша қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Азамат Тілепов Тоқмәдиге 10 жыл 6 ай жаза тағайындалғанын айтты. Енді ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қауіпсіздігі жоғары колониясында өтейді. Оның мүлкі тәркіленбейді.
12 наурызда өткен сот жарыссөзiнде прокурорлар — Асхат Нұрлыбаев пен Iлияс Есқалиев Мұратхан Тоқмәдидiң кiнәсiн дәлелдейтiн айғақтарды келтiрген болатын.
«Мұратхан Тоқмәдидi тағылып отырған айыптар бойынша кiнәлi деп тану үшiн сот процесi кезiнде жеткiлiктi дәлелдер келтiрiлдi деп ойлаймыз. Себебi, қылмыс жасаған тұлғаның кiнәсi дәлелдендi. Ол қылмысты қасақана жасады. Тоқмәди кiнәсiн мойындап, жасаған iсiне өкiндi. Қылмыстық жауапкершiлiктi жеңiлдететiн жағдайлар ретiнде айыпталушының кiшкентай балаларының бар болуын, қылмысын мойындап, өкiнуiн, қылмысқа қатысы бар басқа азаматтарды анықтауға, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға белсендi ықпал етуiн және оның оң мінездемесін қарастыруға болады. Тоқмәдидiң кiнәсiн ауырлататын жағдайлар жоқ. (…) Құрметтi сот, Мұратхан Тоқмәдидi жалпы 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұраймын», — деген едi прокурор Есқалиев.
Ал Мұратхан Тоқмәдидiң адвокаты Анжелика Ажигулова судьядан жазаны жеңiлдетудi өтiнген еді. Тоқмәдидiң өзi де осындай өтiнiшiн соттағы соңғы сөзiнде бiлдiрген едi.