Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Қазақстандағы жағдайдан кейін өңірдегі жауапты шенеуніктердің біразы қызметінен босатылып, кейбірі қатаң сөгіспен құтылды. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев өз орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту беріп, аймақтың білім саласына жауапты Исатай Сағындықов пен Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Әбдуәлиевке де сөгіс берді. Ал Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметінің басшысы Бердалы Оразғалиев пен Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Әсет Ибрагимов және Ювеналды полиция бөлімшесінің №73 және 74-мектептерге жауапты полиция инспекторы Қалдыбай Сариев қызметтерінен босатылды. Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Бәлиева аталған іске қатысты тілшілерге қысқа ғана жауап беріп, тағдыры тәлкекке ұшыраған баланың елордада тиісті мамандардың назарында екенін айтты.
Зағипа Балиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Парламент Мәжілісінің депутаты:
— Біз бұл мәселеге қатысты бірнеше маманды шақырамыз. Білім министрлігі мен ішкі істер министрлігінің де өкілдері келеді. Олар барлық сұрақтарға толық жауап беруі тиіс. Бүгін мен бір сағат ғана ұйықтадым. Сондықтан демалып алып, ертең арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырамыз.