1990-жылдары этно-топтардың кеңінен танымал болған кезі. Тоғжан Дүйсенбекқызының айтуынша, музыкаға деген қабілет, дарын болмаса оны қанша үйренгенмен, сезіну мүмкін емес.
Қылқобыз аспабында ойнау қиын
Қазақтың дәстүрлі көне аспаптарының бірі – қылқобыз шалу шеберлігін меңгеру оңай емес. Бірақ қылқобызға бірден келген жоқпын. Бала күнімнен әкемнің үйретуімен домбыра тарттым. Әкем — аспап жасайтын шебер. Қазіргі қолымдағы қылқобыз бен жетігенімді де жасап берген әкем.
Ауылымда домбырада ойнай алатындардың қатары аз болды. Көбіне мен конкурстарға қатысып, домбырадан бөлек, ән де айтып жүрдім. Алғашында домбыраны нотасыз, есту арқылы үйренген едім. Кейін мектепте Алмат есімді ағайымыз домбыра үйірмесін ашып, кәсіби түрде сол кісінің тәрбиесін алдым.
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Досбол би ауылында туып-өстім. Бірде Алматыға қыдырып келгенде, туыс бауырым Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға тапсырып жатыр екен. Ол маған бірге тапсырайық деп айтты. Бірақ анам өнер саласына түсуіме, музыкалық білім алуыма қарсы болды. Өзге маман иесі болғанымды қалайтын-ды. Ержігіт бауырымның әкесі аталмыш колледжге түсуімді қалап, ата-анама хабарласып: «Оқуға тапсырып, бағын сынап көрсін. Түссе түсті, түспесе ауылға барып 10-11 сынып оқуды жалғастырады ғой», — деді.
Содан домбыра бөліміне тапсырдым. Қызығы сол жылы менімен қатар өте білімді, домбыраны жоғары деңгейде меңгерген, домбыраның құлағында ойнайтын кіл мықтылар оқуға тапсырды. Шыны керек, олардың жанында мен әлсіз екенімді білдім. Бірақ Алла берген талант бар (күліп). Сол жерде қабылдау бөлімінде отырған апай: «қылқобыз бөліміне ауылдан шыққан, тезектің исін білетін қыз керек. Сен домбыраға емес қылқобызға тапсыр деді», — деді (күліп). Бірақ қылқобыз аспабында ойнау қиын екенін білетінмін. Табиғи дауысты естіп, сезіну, соны сала білу керек. Мысалы, қасқырдың, аққудың т.б аң-құстың дауыстары.
Қарап отырсам, домбыраға бар-жоғы 20 грант бөлінген. Оған 60 талапкер тапсыруда. Сонымен қылқобызға түстім. Бір жағынан маған басқа аспапты меңгеру қызық болды. Домбыраны бастысы тартуды білемін, оны қылқобызбен қатар да жетілдіруге болады деп ойладым. Бұрыннан Мақсат Медеубекұлы есімді «Тұран» тобының белді мүшесінен сабақ алуды армандайтынмын. Аллаға шүкір, сол кісіден қалмай, әлі күнге сабақ алып келемін. Қазір Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы, қыл қобыз мамандығының 4-курс студентімін.
Ертеде қобызды бақсы-балгерлер, шамандар науқас адамдарды емдеу үшін пайдаланған. Мұның астарында үлкен пәлсапа жатыр. Өйткені, қылқобыздың адам психикасына әсер ететін ерекше қуаты бар.
Бірнеше аспапта ойнай аламын
Басқа аспаптарға деген қызығушылығым «Тұран» тобының өнеріне деген махаббатымнан басталды. Қорлан есімді топ мүшесінің жетіген аспабында ойнағанын көріп, сол кісінің Гүлжанат Құлжанова есімді шәкіртіне жолықтым. Ол маған жетіген аспабының қыр-сырын, қалай ойнау керектігін үйретті. Нәтижесінде жетігенде ойнауды тез үйреніп, конкурстарға да қатыстым.
Қыл қобыз, жетіген, домбыра, шаңқобыз, сыбызғы т.б аспаптарда ойнай аламын. Бүгінде өзімнің «Хазар» этно-фьюжн атты тобым бар. Сол топта жетіген аспабында өнер көрсетемін.
Әр аспаптың өзіне тән ерекшелігі болады
Қай аспапты алып қарасақ та, оларды толықтай меңгеру қиын. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, үні, ойнау әдіс-тәсілі болады.
Қылқобыз – екі ішекті, ыспaлы музыкалық аспап. Қылқoбыз – қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. 9 — 10 ғасырларда өмір сүрген Қoрқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Жалпы, ұлттық аспaптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Сонымен қaтaр, қанша ғасырлар қойнауынан жетсе де қoбыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Сeбебі, оның ішегі ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келді, ысқышы да. Оның қылқoбыз аталуы да сондықтан.
Жетіген — жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап жетіген деп аталған.
Музыкаға деген қабілет, дарын болмаса оны қанша үйренгенмен, сезіну мүмкін емес. «Бір пайызы талантпен, тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен келеді» деп айтады ғой. Кейде тынбай еңбектеніп, көп оқып, үйренгенің арқасында керемет нәтижеге қол жеткізіп жататындар да болады. Бастысы, қандай іс болса да ниет керек.
Тыңдармандардың көбі қылқобыз бен жетігенмен бағзы заманның әуендерін ойнауға болады деп ойлайды. Бұл қате пікір. Мысалы, «Хазар» этно-фьюжн тобы қылқобызбен жастардың талғамына сай музыкада да ойнай береді. Сол сияқты басқа да әуендерді салуға болады.
«Хазар» этно-фьюжн тобы туралы
«Хазар» этно-фьюжн тобы алты адамнан құралған. Барлығы дерлік 10 шақты аспапта ойнай алатын инструменталды мамандар.
«Хазар» этно-фьюжн тобы алты адамнан құралған. Барлығы дерлік 10 шақты аспапта ойнай алатын инструменталды мамандар. Топтың бағыты — жастар мен аға буын өкілдері мен барлық аудиторияға арналған. Бізде күйде, джаз стилі мен халық әндері де бар. Жалпы, кез келген аудиторияның талғамынан шығуға тырыстық.
Шындығында, «Хазар» тобы танымал тректерді де қобызда ойнауға болатынын іс жүзінде көрсетті. Музыканттар қазақтың халық аспаптарын шебер меңгере отырып, заманауи тәсілдерді қолданудан да қаймықпайды.
Классикалық репертуардан басқа, «Хазар» каверлерге де жиі бет бұрады. Олардың тректерді шебер өңдейтіндері соншалықты, тіпті, шертермен орындалатын Sam Smith-тің өзі ерсі көрінбейді, өйткені дыбыс өте табиғи.
Қазіргі күні жастардың, тыңдармандардың талғамы эстрадалық бағытқа қарай бет алып, көнеден келе жатқан ән-күйлеріміздің қадірі кетті. Көпшілігі даңғаза, той әндеріне құмар. Сондықтан да, ең бірінші арманым «Хазар» этно-фьюжн тобын елімізге танытып, қазақтың аспаптарының құдіретін халыққа, әлемге паш ету.