Ақжарқын Тұрлыбайдың туыстары Бас прокуратурадан оны елге қайтаруын өтінді

Қытайда сотталған Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбайдың қорғау тарабы оның отанына экстрадициялануына өтінім хат жазды.

20 жастағы азаматша Ақжарқын Тұрлыбай есірткі заттарын тасымалдады деген күдікпен ұсталған болатын. Ол 2014 жылдың наурыз айында Гуанчжоу әуежайында ұсталды, ол Малайзияға ұшып кетпекші болған. Қыздың жүгінде есірткі заттары табылды.

«Гуанчжоу сотымен өмір бойына бас бостандығынан айырылған Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбайды отанына экстрадициялау туралы ҚР Бас прокурорының атына Тұрлыбай А.Е. анасының атынан өтініш жолданды», — деді журналистерге Тұрлыбайдың қорғаушысы Сұңқар Нұрмағамбетов.

Қорғау тарабы айыптау үкімі өзгеріссіз қалған жағдайда бойжеткенді Қазақстанға экстрадициялау қажет болатынын түсіндірді.

«Қазіргі уақытта Ақжарқынның қорғау тарабы және отбасы қылмыстық процеске қатысу үшін аппеляциялық сот отырысы уақытының белгіленуін күтуде», — деп қорытындыланған хабарламада.