Сәлем! Ғанидың әскерге қалай барғаны туралы білгіңіз келе ме? Ендеше, қызық әңгімеге көз жүгіртіңіз.

Жыл сайын елімізде 18-27 жас аралығындағы барлық жас жігіттер әскерге шақырылады. Себебі әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау — әр азаматтың парызы мен міндеті!

Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады: сәуірден маусымға дейін және қазаннан желтоқсанға дейін. 

Әскерге шақыру қағазы келгенде мен не істедім?

«Қағаз қалай келеді?» дейсіз ғой. Мен ол кезде студент болдым. Маған оқу орны бойынша ұйымның басшысы қол қойғызып, шақыруды қолыма тапсырды. Жұмыс істейтіндерге бұл қағаз жұмыс орнына келіпті. Әскердегі бір танысыма шақыру қағазын тапсыру мүмкін болмаған соң, істі жүргізу iшкi iстер органына жүктеліпті.

Шақыру қолда. Енді не істеймін дейсіз бе? Сіз енді бірден қағазда көрсетілген шақыру комиссиясына келуге міндетті боласыз.

Ғани, әскерге бару
Иллюстрация: Дмитрий Со

Әскерде қанша уақыт боламыз?

Әскерде қанша уақыт болдым дейсіздер ме? Бар болғаны (кейбіреулер үшін көп болғаны) — 12 ай!

Негізі еліміздегі әскери тәртіп бірнеше бағыттарға бөлінеді. Соған сай қызмет мерзімдері де әртүрлі: 

  • мерзімді әскери қызмет (18-27 жастағы жігіттер үшін 12 ай мерзімге);
  • запастағы офицерлер қызметі (29 жасқа дейінгі жігіттер үшін 24 ай мерзімге);
  • келісімшарт бойынша әскери қызмет (келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес);
  • әскери жиындар (әскери міндеттілер үшін 2 аптадан үш айға дейінгі мерзімде);
Әскери қызметтен босатылатын азаматтар да аз емес. Олардың кім екенін білгіңіз келеді ғой, иә? Айтайын:

Ғани, әскерге бару

Егер әскери қызметке шақыру соғыс уақытында жүзеге асырылса, онда денсаулық жағдайы бойынша ғана әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар ғана босатылады.

Мен білмеппін. Бір ай оқып, әскери билет алуға болады екен!

2013 жылдың наурызынан бастап азаматтарға әскери билетті бір ай ішінде алу мүмкіндігі ұсынылыпты.

Содан бері азаматтар ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери-техникалық мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының 15 филиалында әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша оқудан белгілі бір төлем үшін ақылы негізде өте алады.

Ақылы әскери қызметтен кім өте алады?

24-27 жасқа дейінгі, денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметке жарамды немесе жарамдылығы шектеулі, соның ішінде әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған азаматтар өте алады!

Оқыту құны — 263 318 теңге.

Мерзімін кейінге қалдыру мынадай жағдайлар бойынша ұсынылады:
  • отбасы жағдайлары бойынша;
  • білім алуды жалғастыру үшін;
  • денсаулық жағдайы бойынша;
  • басқа да себептер бойынша.

Отбасы жағдайы деген сан түрлі болады ғой. Бірақ әскерге баруды тек мына себеппен кейінгі қалдыра аласыз:

Басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналыссаңыз, сондай-ақ жақын туыстарыңыз немесе басқа да адамдар болмаған кезде, отбасы мүшелерін асырауға мiндетті болсаңыз, әскерді кейінге қалдыруға рұқсат беріледі.

Ғани, әскерге бару
Иллюстрация: Дмитрий Со

Ескертіп айтайын, бұрын сотталған немесе қылмыстық жауапкершіліктен босатылған, сондай-ақ оларға қатысты сотқа дейінгі өндірістер қозғалған шақырылушылар, әскери міндеттілер оқуға жіберілмейді.

Осы оқу кезінде Сіздің жұмыс орныңыз (лауазымы)  сақталады. Яғни, жұмыстан немесе білім беру ұйымынан шығарылмайсыз.

Университетте оқып жүріп-ақ, «запастағы лейтенант» «запастағы медицина қызметінің лейтенанты» әскери атағын алуға болады

Жасы 27-ге толмаған, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды азаматтар әскери кафедраға түсе алады. Бұл кафедрада студент-бойжеткендер де оқи алады.

Студент жігіттер үшін теориялық және практикалық оқу курстарына, оқу-жаттығу жиынынан немесе студент қыздар үшін кәсіби практикадан тұрады.

Әскери даярлыққа барлығы 588 академиялық сағат, олардың ішінде 360 академиялық сағат ӘОО-ға және 228 академиялық сағат оқу-жаттығу жиындарына (студент қыздар үшін кәсіби практика) бөлінеді.

27 жастан кейін әскери билетті қалай алуға болады?

Жоғарыда айтқанымдай, әскери есепке 18-ден 27 жасқа дейінгі аралықтағы бозбалалар жататындықтан, әскери билет те дәл осы жаста алынуы тиіс.

Егер әскери билетті 27 жастан кейін алуды шешсеңіз, онда Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс бойынша 5 АЕК (12 025 теңге) көлемінде айыппұл төлейсіз.

Әскери қызметті өткермеген  27 жасқа толған азамат мына құжаттарды жинауы керек:

  • сарбаздардың, запастағы сержанттардың әскери билетті (әскери билет орнына уақытша куәлікті ) беруге өтініші;
  • жеке басын куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін);
  • шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәліктің түпнұсқасы;
  • білім туралы құжаттың көшірмесі (түпнұсқасы – салыстырып тексеру үшін));
  • аудандық (қалалық) шақыру комиссиясының хаттамалар кітабынан үзінді көшірме (медициналық комиссияны өткеннен кейін жергілікті әскери басқару органымен беріледі);
  • көлемі 30х40 мм фотосурет – 2 дана.
Ғани, әскерге бару
Иллюстрация: Дмитрий Со

Біздің ел әскери қызметкерлердің өздеріне де, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне де қажетті көмекті көрсетуге тырысады. Қазақстанда нормативтік құжаттарға сәйкес әскери қызметкерлерге белгілі бір жеңілдіктер бар.

Соның бірі: әскери қызметкерлердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі. Ол «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүргізіледі. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру жеңілдігі де қарастырылған. Бұл туралы кейін ашып айтып беретін боламын. Ал бүгінгі әңгіме осымен тәмам болсын. Көріскенше!

 Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!