Кей кітаптардың дәмін татып көруге болады, кейбірін жұтуға болады. Бірақ шайнап, қорытатын кітаптар көп емес (Фрэнсис Бэкон).
Перифериялық көру қабілетін арттырыңыз
Сіз қазір монитордың ортасына қарап тұрсыз, дегенмен оның жан-жағындағыларды да көре аласыз. Мәтінге қарағанда да дәл сондай: бір сөзді көріп тұрғаныңызбен, қасындағы сөздерді де көре аласыз.
Перифериялық көру қабілетін арттырсаңыз, оқу жылдамдығын да үдетуге болады. Қабылдау аймағын кеңейту 300%-ға дейін жылдамдығыңызды арттыруға мүмкіндік береді.
Осы қабілет арқылы бір мезгілде бір сөйлемді бірден қабылдауға болады. Мысалы, төмендегі сөйлемді оқып көріңіз:
Алмас бір күнде бір кітап оқи алатынын айтты.
Тарауларды оқып шығыңыз
Тарау атауларына, бастапқы абзацқа және ортаңғы, соңғы мәтіндерге көз жүгіртіп шықсаңыз, автордың не жайлы айтпақ болғанын түсінесіз.
Бұдан кейін тараушаларға қарап шығыңыз. Бұл да мәтін мазмұнын тез қабылдауға көмектеседі. Әр абзацтың бірінші және соңғы сөйлемін оқыңыз. Егер негізгі ой түсінікті болса, ары қарай ілгерілей беріңіз. Түсіну қиынға соқса, мәтінді толық оқыңыз.
Мұндай тәсілді көркем шығармаларды оқу кезінде қолдана алмайсыз. Егер туынды идеясын меңгергіңіз келсе, бұл таптырмас амал болмақ.
Маңызды бөліктерін белгілеңіз
Мұндай жылдамдықпен әрине көп ақпарат есте сақталмайды. Сол себепті маңызды деп санаған тұстарын белгілеп отырыңыз. Яки, қойын дәптеріңізге жазып алыңыз.
Бос бір минутыңызды да өткізіп алмаңыз
Көлікте, кептелісте, кезек күтіп тұрғанда кітап оқудан еш қысылмаңыз. Айналаға мән бермей, пайдалы іспен айналысуды жалғастырыңыз.
Егер уақытыңыз тым тығыз болса, аудиокітаптарды тыңдаңыз. Бір кітапты соңына дейін тыңдасаңыз, бұл әдет Сізге ұнап қалары анық.
Құралдарды пайдаланыңыз
Қажетті құралдар ретінде қалам, қарындаш немесе саусағыңызды пайдаланып, оларды сөздер астымен жүргізіп отырыңыз. Сөздерді санау кезінде де осы құралдың бірін пайдаланған боларсыз?
Жылдамдықты сатылап арттырыңыз
Бірден күніне бір кітапты оқып бітіру міндетті емес. Барлығына еппен ауысқан жөн. Бір күнде 100 бет оқысаңыз, келесі күні 120 оқыңыз, осылайша ақырындап бет санын көбейте беріңіз.
Қолыңыздан келмей жатса, өзіңізді кінәламаңыз. Бастысы, бастаған істі аяқтау.
Өзіңізге ұнайтын кітаптарды ғана оқыңыз. Бұл кітап оқуға деген шабытыңызды арттырады.
Түйін
- Жылдам оқуды үйрену үшін, кітапты талғаммен таңдаңыз. Ол сізге белгілі бір сала бойынша пайдасын әкелуі керек.
- Кітаптың негізгі идеясын іздеңіз. Ол мақсатыңызға жетуге көмектеседі.
- Көңіл-күйіңіз қалаған уақытта ғана оқымаңыз. Кітап оқуға арнайы уақыт бөліңіз. Таңертең бір, түсте бір, кешке бір оқысаңыз да болады. Бастысы, жиілік үзілмесін.
- Көңілді алаңдататын заттардан (телефон, теледидар, т.б.) аулақ болыңыз.
- Егер кітап ұнамаса, басқа кітапқа ауысудан жүрексінбеңіз. Келесі кітапты міндетті түрде оқып бітіруге тырысасыз.