Басты бетБастыҮш тілді...

Үш тілді білім үмітімізді ақтай ма?

Халықаралық тәжірибе нені көрсетті?

Әлем бойынша 1,5 миллиард адам ағылшын тілінде сөйлейді. Еуропалық одаққа кіретін 28 елдің ішінде 17-сі шет тілдерін балабақшадан бастап оқытады. Сол сияқты Экономикалық ынтымақтастық ұйымына кіретін мемлекеттердің (олардың ішінде Еуроодақ елдері де бар – авт.) жартысы ағылшын тілін бастауыш мектептің бағдарламасына енгізген. Басқалары 6-7 сыныптан бастап оқыта бастайды. Соның арқасында еуропалықтардың 54 пайызы кем дегенде бір шет тілін біледі, 25 пайызы екі шет тілін білсе, 10 пайызы үш тілде сайрап жүр.

«Education First» атты ағылшын тілін білу деңгейін анықтайтын халықаралық рейтингте Эстония мен Польша сияқты мемлекеттер оқ бойы озық келеді. Қазақстан болса, 63 елдің ішінде 54-ші орында тұр. Ал «English First» деген рейтингтік агенттіктің хабарлауынша, ағылшын тілін білетін халықтың кіріс көзі өсіп, жұмыссыз жастардың саны аз болады. Адам капиталы жоғары. Сондай-ақ бұл мемлекетте бизнес-климат жақсы, яғни кәсіпкерлік жүргізуге қолайлы болады.

Бізге ол жүйе не береді?

Бүгінде отандық мектептерде ағылшын тілін оқыту соңғы сыныптарда басталады. Мамандардың айтуынша, бұл тым кеш. Соның салдарынан өзге пәндерді ағылшын тілінде оқыту мүмкін болмай жатыр. Ал төрт бірдей сабақты ағылшын тілінде беру үшін оны меңгеруді бірінші сыныптардан бастау қажет. Осы мәселе бастауыш мектептің жаңа бағдарламасына енгізілді. Енді, 2-сынып оқушылары ағылшын тілін 102 сағат (бұрын 34-ақ сағат болған) бойы үйренеді. Осыны іске асыру үшін мұғалімдерді ғаламтор арқылы ағылшын тіліне жаппай оқыту қолға алынбақ. Дегенмен, ағылшын тілін білетін педагогтарды даярлау жұмысына негізгі басымдық берілмек.
Бүгінде әлем бойынша ағылшын тілінде таралатын ақпараттың көлемі неміс, испан, қытай, тіпті басқа тілдерді қосып алсақ та, басым болып тұр. Ғылым-білім саласындағы соңғы жаңалықтар осы тілде жазылады. Ағылшын тілін білетін адамдар оны бірден оқып-біліп жатады. Кітаптарды аударып, оған қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқ.
Қазақстанның білім және ғылым министрлігі оқыту жүйесін жеңілдету үшін терминологиясы латын тілінде келетін пәндерден бастауды ұсынып отыр. Ол жағынан биология мен информатиканы алған жөн.

Мамандар не дейді?

Ляйля Сырымбетова, үш тілді білім беру орталығының директоры:

— Бүгінде халықаралық қатынас тілі болып саналатын ағылшын тілін білу аса қажет. Қазақстандық оқушылардың ағылшын тілін білмеуі IT-технологиялар, робот жасау, биомедицина, кибернетика және тағы басқа салалардың соңғы жаңалықтарын оқып-білуге қолбайлау болып отыр. Үш тілді оқыту жүйесі мемлекеттік тілді еш шектеп жатқан жоқ. Қайта қазақ тілді оқушылар орыс тілін оқыса, орыстілділер қазақ тілін меңгере бастайды. Сөйтіп, ақпараттық алмасу, одан кейін әлеуметтік араласу процессі басталады.

Жаңыл Жонтаева, білім және ғылым министрлігі ақпараттық технологиялар, орта және мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:

— Бүгінде ата-аналардың көбісі өз балаларын қосымша курстарға беріп жатады. Соның ішінде ағылшын тіліне беретіндер баршылық. Дегенмен, қаржы мәселесіне байланысты ондай курстарға бара алмай жүргендер де бар. Ал үштілді оқыту жүйесін енгізу арқылы біз бәріне бірдей жағдай жасаймыз. Балалар ағылшын тілін тегін оқиды. Меніңше, өз балаңның Қазақстанда ғана емес, шет елде де бәсекеге қабілетті бола алатындығын білсең, еш алаңдамайсың. Олардың жұмысы жақсы, табысы мол болатынына сенімді боласың. Жалпы, қазақ халқы тілге бейім келеді ғой. Міне, сол қасиетті тиімді пайдалана білу керек.

Жаңа жүйе халықты біріктіре ала ма?

Жақында этносаралық қатынастар және этносаясат саласындағы ғылыми зерттеулерге арналған семинарда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов өзге ұлттар тығыз қоныстанған жерлерде қосымша төртінші тіл оқытылады деп мәлімдеген. «Мәселен, ұйғырлар оқитын мектепте төртінші тіл – ұйғыр тілі, өзбек мектептерінде өзбек тілі болады», — деді Е.Тоғжанов. Оның сөзіне қарағанда, саяси тұрғыда бұл мәселе шешілсе де, кәсіби, яғни ондай мектептерді қажетті мамандармен қамтамасыз ету жұмысын жетілдіре түсу керек. «Бұрын бізде өзге ұлттар тұратын жердегі жағдай неге ушығып тұрды? Себебі таза ұйғыр немесе таза өзбек мектептері болды. Ол жерде басқа ұлт өкілдері болған жоқ. Соның нәтижесінде халықтың санасы бір тіл, бір мәдениеттің аясында ғана қалыптасып келді. Қазір біз ол мәселені шештік. Көптеген мектептерде бірнеше тілде оқыту жүйесі енгізілді. Оған кез келген ұлттың өкілі келіп, білім ала алады. Әрине, сол жерлерде, әсіресе, кейбір аймақтарда проблемалар болады. Осыны ескеру керек. Соның шешу жолдарын дер кезінде таба білу қажет», — деп атап көрсетті Ассамблеясы төрағасының орынбасары.
Сонымен, халықаралық тәжірибеге сүйенсек, Еуропа елдерінің жартысынан көбі балаларға ағылшын тілін ерте оқытады екен. Польша мен Эстония ағылшын тілін білу жағынан оқ бойы озық тұр. Соның арқасында ғылым-білім саласындағы соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп жатады. Алайда біз оларды техника мен технологияда озық деп айта алмаймыз. Сонда «Жапония, Оңтүстік Корея, Германия қайда?.. «Олар өздері тапқан ғылыми жаңалықтарды алдымен туған тілінде жазатын шығар. Ал басқалар оны жалпыға ортақ ағылшын тіліне аударғанша, авторлық құқығын алып, өз жерінде іс жүзінде қолға алып үлгереді» деген ой еріксіз санаға оралады. Сондықтан болашақта Қазақстан да өз жетістіктерін алдымен өз тілінде жазады деген үміт бар. Жаңа жүйенің тағы бір жағымды жағы – ұлт біріктіруші фактор дейміз. Шынымен де, еліміздегі ұлттар бір-бірінің тілін жүйелі түрде үйренсе, олардың мәдени-рухани жағынан жақындай түсетінін жоққа шығара алмаймыз. Бастысы, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екенін естен шығармасақ болғаны.

ДереккөзБАҚ