Шымкенттегі ең қымбат пәтерлердің рейтингі әзірленді

Шымкенттік ең қымбат үй Желтоқсан және Қонаев көшелерінің қиылысындағы ауданда орналасқан. Жалпы аумағы 180 шаршы метр болатын төрт бөлмелі пәтер үшін үй иелері 97,5 млн теңге немесе $291 мың сұрап отыр. Бір шаршы метрінің бағасы 541,7 мың теңгені ($1600) құрайды. Пәтерде жиһаз жоқ, алайда жуыну-дәрет алу бөлмесі жаңа техникамен жабдықталған, едені паркеттен жасалған, бірден кіріп, тұра беруге болады.

Рейтинг бойынша екінші орынға Бауыржан Момышұлы даңғылының бойындағы «Akbulak Town» ТҮК-індегі пәтер ие. Толықтай жиһазбен жабдықталған, пайдалануға дайын пәтерде екі жуыну-дәрет алу бөлмесі және екі лоджия бар. Жалпы аумағы – 110 шаршы метр. Үй бағасы – 64,8 млн теңге ($194 мың). Бір шаршы метрінің құны 588 мың теңгеге түседі ($1760).

Рейтингтегі үшінші орынға тағы бір төрт бөлмелі пәтер жайғасыпты. Үй ішіне кейбір жиһаз қойылған, екі жуыну-дәрет алу бөлмесі бар. Пәтер Тәуке хан даңғылының бойындағы тұрғын үй кешенінің екі қабатын алып жатыр. Жалпы аумағы – 142 шаршы метр. Бағасы – 60 млн теңге ($180 мың). Бір шаршы метрінің құны – 422,5 мың теңге ($1300).