Шырын Ағыбаева, заңгер: Күйеуім романтик емес
8 наурыз аналарымыз бен әжелеріміз мерекесі деп білемін. Халықаралық мереке біздің шағын отбасымызда да тойланады. Мереке күні дастарқан жайып, апа-әжелерімізге, анамызға сыйлық апарып, әпке-жеңгелеріміз бен сіңлілерімізді де құр қол қалдырмаймыз.
Маған сыйлық алғаннан қарағанда берген көбірек ұнайды. Жалпы, көктем мезгілі жылуға, мерекеге толы мезгіл ғой.Мен үшін биылғы көктемнің орны ерекше. Себебі, мені құттықтаушылардың қатары тағы бір адамға толықты. Бұл наурыз кішкентай қызымыз Томиристің алғашқы көктемі, алғашқы мерекесі. Мамандығым — заңгер. Қазір декреттік демалыстамын.
Күйеуім романтик емес. Дәстүр бойынша гүл сыйлайды. Ал сыйлық ретінде өзім ұнатқан нәрсені алып береді. Кейде «өзің таңдап алшы» деп ақшасын бере салады.
Ақнұр Мұратқызы, студент: Мерекені құрбыларыммен тойлаймын
8 наурыз мерекесі барлық қыз-келіншектердің асыға күтетін мерекелерінің бірі. Бұл мерекені жыл сайын құрбыларыммен бірге атап өтемін. Әр жыл сайын сыйлыққа гүл мен шоколад аламын. Мен үшін шын көңілмен берілген кез-келген сыйлық құнды.
Мектеп оқып жүргенде анамызды, әжемізді, әпкемізді құттықтап, қолдан сыйлық жасап беретін едім. Қазір студент атанған оң олардан жырақтамын. Тек телефонмен құттықтаймын.
Айнаш Тұрсымбаева, аспаз: Мерекені жұмыста қарсы аламын
Вахталық ауысым бойынша аспаз болып жұмыс істеймін. 8 наурыз жыл сайын ауысым уақытына сәйкес келіп қалады. Осылайша Халықаралық әйелдер күнін жұмыста қарсы аламын. Маған мерекелер ұнайды. Адам қайда жүрсе де барлығы өзінің көңіл-күйі мен ниетіне байланысты. Еш нәрсеге қарамастан жыл сайын мерекені жақсылап қарсы аламын. Күйеуім де, балаларым да, жақындарым да жан-жақтан хабарласып, құттықтап жатады.
Алма Ибраева, мұғалім: Виртуалды құттықтау көбейіп кетті…
Мектепте жұмыс істейтіндіктен, менің өмірім мектептің тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Өзім 10-сыныпқа жетекшілік етемін. Жыл сайын мереке күні оқушыларым кіреберістен күтіп алып, салтанатты түрде құттықтайды. Концерт қойып береді.
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде виртуалды түрде құттықтау сәнге айналып кетті ғой. Шынымды айтсам, телефонымдағы галерея сондай түрлі-түсті құттықтауларға толып қалады. Бұл да болса адамға жақсы көңіл-күй сыйлайды ғой. Дегенмен, шынайы құттықтау мен тілектерге жететіні жоқ. Бір ұлым Семейде, екінші ұлым Ресейде оқып жатыр. Арамыз қашық болған соң телефонға телміріп құттықтау күтеміз. Алыста болса да, мереке күндері жанмда болғандай қуаныш сыйлайды.
Былтыр Нұрасыл есімді оқушым «Әйел бақыты» деген бөлме гүлін сыйлап еді. Қазір гүл атып тұр. Бұл мен үшін ең үлкен сыйлық болды. Ұстазға шәкірттерінің ниеті мен алғысынан артық сыйлық жоқ.
Назым Орысбаева, студент: 8 наурызда әжемді еске аламыз…
8 наурыз мерекесін әдеттегідей үйде, отбасыммен атап өтеміз. Бұл күн мен үшін тек қана Халықаралық әйелдер күні ғана емес, әжемнің ресми туған күні. Марқұм әжемнің мен үшін алатын орны ерекше. Ресми туған күні дейтін себебім — Кеңес заманында туылған әжемнің ата-анасы туған күнін ұмытып қалып, туу туралы куәлік алатын кезде 8 наурыз деп жаздырып алыпты. Мереке күні әжеме арнап дастарқан жайып, құран бағыштап, еске аламыз.
Шынар Жолдыбайқызы, «Нұр Отан» партиясының қызметкері: Жыл сайын күйеуім мейрамханаға шақырады
Мерекені таңертең ерте аналарымызға телефон шалумен бастайтынбыз. Бұл дәстүр балаларымызға үлгі болса керек, қазір балаларымыз бізге ертемен қоңырау шалады. Жыл сайын үйімізде үлкен мерекелік дастарқан жаю дәстүрі де сақталғнан. Күндіз балаларым мен олардың достары, әріптестеріміз құттықтап келеді. Кешке күйеуім мен балаларым мейрамханаға шақырады. Мен үшін ең үлкен сыйлық — солардың құрметі мен махаббаты.
Ал, сіз, 8 наурыз мерекесін қалай атап өтесіз?