Шындығында, бүгінде арба сүйреп, жанын қинап жүрген өзге ұлт өкілдерін көрген емеспіз. Тіпті арбакештердің неліктен жаппай қазақ болып кеткені аз айтылып та жүрген жоқ. Салдарынан бұған дейін жатырқап, «ұят-ай» дейтін өлшем түбірімен жойылып, «дұрыс қой, ол да күнін көріп жатыр» дейтін түсінік берік орнықты. Бір жағынан күнделікті көріп жүрген көрініс деп, мән бермей аттап өтейін десек те, қазаққа жат кәсіпті рухың қабылдай алмайды екен. Сондықтан «неге қара жұмыстың басында жүрген тек қазақтар?» деген ой туындайды.
Әрине, бұл жерде шырмауықтай шырматылған түрлі мәселелер жетіп артылады. Ең біріншіден, елді мекендерде жұмыстың тапшылығы бар екені жасырын емес. Сонымен қатар, осының бәрі отбасын асырау, бала-шағаны бағу үшін істелініп жатқан іс-әрекеттер. Бірақ қартайғанда бейнетінің зейнетін көрудің орнына апаларымыз неліктен арба сүйреп, күні-түні қоқыс жинауда?
Ақиқатында екі айда бір көлік ауыстырып, шалқып өмір сүріп жатқандар мен базарда «тәшкі» итеріп күнелтіп жүргендер бүгінгі қоғамның шындығы. Әркімді сөгуге де, ақтап алуға да болатын мына заманда, арба сүйреп, қоқыс жинағандарды айыптаудан аулақпыз. Бірақ олардың ертеңгі тағдыры ойлантпай қоймайды.
Жол бойында қоқыс жинап, арбасын сүйреп жүрген апа алғашында сөйлеуге тартынғанымен: «Осы қара базарлардың күл-қоқысын жинап, қысты күні мұздарын шауып жүргеніме бес жылға жуық уақыт болды. Бала-шағаны асырау керек болғандықтан, амал жоқ істеп жүрмін. Күйеуімнің табатын жалақысы 40-50 мың теңге. Ол неге жетсін?! Пәтерақы мен коммуналды төлемдерден артылмайды. Сондықтан осы жұмысты істеуге мәжбүрмін. Кейде белден тұра алмай, жатып қалатын кезім де болады. Бірақ, күнделікті жеп отырған наннан айырылып қалмау үшін шыдауың керек»,- деп ішіндегі мұңын ашық айтқан еді.
Бейнеттеніп мал тапқан анамыздың жабырқаулы жүзін көріп, тиын-тебен үшін тентіреп жүрген халқымның аянышты хәлі қашан ғана жақсарар екен деген ойға шомыдым. Дегенмен сол қара жұмысты қалап істеп жүр дейсіз бе? Әйтпесе қайсысының аяқты аспанға көтеріп қойып тұрып жатқысы келмейді дейсіз? Асылы, заманның алып бара жатқан қыспағы бұл.
Дағдарыс деп дабырлаған мекемелер бүгінде қысқартудың соңғы шегіне дейін жетті. Көп жерде үш адамның жұмысын бір адам атқарып отыр. Ал оған көнгісі келмейтін жұмыскерге таңдау жоқ. Өйткені, қазір басқа жұмыс табудан гөрі, жұмыстан шығып қалмау мәселесі басты орында.
Бұл мәселеге байланысты заңгер Камиша Есмұхамбетқызының айтары уәжі бөлек. Оның ойынша заңды немесе жаһандану заманында жаңа технологияны жетік меңгермеген әйелдер қауымы осындай жұмыстарды шарасыздықтан істеуге мәжбүр екен.
Камиша Есмұхамбетқызы: «Қазіргі кезде апаларымыз жаңа техника, заманауи стандарттың көбісін қабылдай алмайды. Сондықтан олар ерлердің жұмысын тез үйренуде. Мысалы, бір таныс әпкеміз құрлыста үлкен бетон көтеретін кранмен жұмыс істеген. Бүгінде сол әпкеміз жүргізуші қызметін атқарып жүр. Ал апаға неліктен менеджер болып қызмет атқармасқа десек, «мен заңды жақсы білмегендіктен қорқамын. Маған тынышы осылай адамдарды апарып-әкеліп жүрген» дейді. Тағы бір ескере кететін жайт, ер азаматтарымызға да байланысты шығар деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі ер жгіттердің 55%- ы ауыр жұмысқа барғысы келмейді, Бәрі бизнеспен айналысуға бейім», — дейді.
Егер ресми деректерге жүгінсек, бүгінде республика бойынша еңбекке жарамды адам саны 6,9 миллионды құраса, олардың 2,7 миллионы ауыл тұрғындары көрінеді. Сол жұмысқа жарамды 6,9 миллион адамның 4,2 миллионы жалдамалы жұмыстарға жегілсе, қалған азын-аулағы лауазымды қызметтегілер екен.
Ақиқатында қара жұмысқа салынып, маңдайы терлеп жүргендер де сол өзіміз. «Жетімбұрышта» жетімсіреп тұрғандар да тепсе темір үзетін жігіттеріміз. Қалай болғанда да дағдарыс деп қанша дабырласақ та, Қазақстанда қазақтардың ғана қара базарда «қаңғырып», ала дорбасын асынып, арба сүйреп жүргені қатты қынжылтады.