Театрдың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Астана Опера» труппасының орындауындағы «Аққу көлі» спектаклінің жаңа редакциядағы премьерасы Маскатқа (Оман, 2017) гастрольдер аясында Корольдік опера театрында өткен.
«Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың айтуынша, бұл «Аққу көлі» — классикалық балеттің нышаны саналады.
«Аққу көлі» балетінсіз музыкалық театрды елестету мүмкін емес. «Өмір ешқашан бір түсті болған емес, әрқашан түрлі реңкке ие, өмірде адалдық пен махаббат та, сатқындық пен зұлымдық та кездеседі. Бұл балетте барлығы көрініс тапқан: Одетта — аққу, тазалықтың, нәзіктіктің нышаны, бұл лирикалық бейне. Одиллия болса, керісінше, кереғар, зұлым, еліктіргіш, есепшіл, сонымен қатар көрікті де. Көрермен тазалық пен жауыздық, махаббат пен сатқындық күресінің куәсі болады. Дегенмен соңында махаббат жеңіске жетіп, бәрі сәтті аяқталады. Біз біраз өзгерістер енгіздік, алайда Л.Иванов — М.Петипаның канондық қойылымын сақтап қалдық. «Аққу көлі» — классикалық балеттің нышаны, әлемдік бренд. П.И.Чайковскийдің музыкасы — біз үшін үлкен мұра. Бұл балет мәңгі, оны бізге дейінгілер де көрген және оған біздің ұрпағымыз да тамсанатын болады», — деді ол.
Бас партияларды әр күндері «Астана Операның» әртістері орындайды. Одетта — Одиллия — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, «Астана Операның» жетекші солистері Әйгерім Бекетаева, Мәдина Басбаева, Зигфрид — көптеген халықаралық байқаулардың лауреаттары Олжас Тарланов, Еркін Рахматоллаев, Ротбарт — Жәнібек Иманқұлов, халықаралық байқаулардың лауреаты Арман Оразов, Сайқымазақ — халықаралық байқаулардың лауреаттары Бақтияр Адамжан, Серік Нақыспеков.
Айта кетейік, балеттің қойылымы 8, 10 және 17 наурыз күндері өтеді.