Ангина деген ауру жоқ

Ангинаны қазақ тілінде «баспа ауруы» деп атайды. Ал медицинадағы нақты атауы — жіті тонзиллит немесе фаренгейт. Яғни, тыныс алу жолдарының қабынуы. Бұл көбінесе көктем, күз бен қыста жиі кездесетін ауру түрі.

Ангинаны ағылшын тілінен аударғанда «қан тамырларының ауруы» деген мағынаны білдіреді. Шетелде бұл сөз жүрек аурулары мағынасымен сәйкес келеді. Сол үшін баспа ауруын «ангина» деп айту үлкен қателік.

Баспаның алғашқы белгілері қандай?

Баспа адам ағзасының түрлі жұқпалы вирустарға қарсы тұру қабілеті төмендегенде, суық тигізгенде, дәрумендер қоры таусылғанда,шаршағанда пайда болады. Аталған ауруды жұтқыншақ маңындағы бадамша деп аталатын без тудырады. Ол без ісініп, жұтқыншақтың қызаруымен басталады. Мұндайда тамақ құрғап, жұтындырмай, қол тигізбей ауырады. Дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, буын сырқырайды, адам дел-сал болып әлсірейді. Ауру асқынғанда бадамша бездері қабынып, ақшыл сары ірің пайда болады. Баспаны дер кезінде емдемесе, ортаңғы құлаққа өтуі мүмкін. Мұндайда баспа өзінен-өзі жарылады. Ол өте қауіпті. Себебі жарылған баспаны тек ота арқылы ғана алып тастауға болады.

Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Баспаның алғашқы белгілері:

— бас ауруы;

— әлсіздік;

— дене қызуының жоғары болуы.

Баспаның екі түрі бар. Олар: жедел баспа және созылмалы. Ауру көбіне кішкентай балаларда кездеседі. Дұрыс ем тағайындалмаған жағдайда ол созылмалы түрге өтеді. Сөйтіп жыл сайын күз және көктем айларында өршіп тұрады. Баспамен ауырғанда міндетті түрде жатып емделу, тамақты жылы ұстау, сұйық тамақ ішу, жылы компресс қою, жиі-жиі тамақты ас содасымен, тұз ерітінділерімен шаю, антибиотиктер ішу қажет.

Балалар үшін қауіптілігі қандай?

5 жасқа дейінгі балалар бұл ауруға жиі шалдығады. Оларда тұншығу көп болады. Сол үшін баспаның белгілері білінген соң бірден емдеу шараларын жасаған жөн. Ауру кезінде науқастың дене қызуының 37-39 градусқа дейін жоғарылағаны дұрыс. Бұл кезде дәрігер келгенге дейін көп мөлшерде жылы су ішу керек. Сондай-ақ, дәріден гөрі С дәрумені мол тағамдарды жеу пайдалы.

Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Алайда, кейбір бас сүйегінен зақымданған, неврологиялық және эпилепсиямен ауыратын балаларда дене қызуын жоғарылатуға болмайды. Себебі, оларда бас миының тамырларына күш түседі де талмалар жиі болады.

Баспаны алып тастау дұрыс па?

Баспаның 13 жасқа дейін иммундық жүйені қалыптастыру, қорғаушы ретінде әсері бар. Бірақ осы жастан кейін мұның әсері әлсіздене түседі. Себебі бұл жыныстық жетілумен байланысты. Егер баспа іріңдеп, асқынулар болғанда немесе сондай ерекше жағдайлар орын алған кезде алып тастауға болады. Бірақ оның адамға ешқандай зияны жоқ. Жоғарыдай айтқанымдай, баспа ағза үшін тек туылғаннан бастап жыныстық жетілуге дейін ғана күші бар.

Алдын алу үшін қандай шара қолданылады?

Баспаға тіс жегісі зақымданған балалар жиі шалдығады. Себебі, тістің дұрыс орналаспауы, араларының алшақтығы да бұл аурулың пайда болуына әсер етеді. Сол үшін тіс тазалығына көңіл бөлген жөн. Одан бөлек, баспа ауруының алдын алу үшін бөлменің  желтеліген, таза болуын қадағалаған дұрыс. Сондай-ақ, суық мезгілдерде жылы киінген дұрыс.

Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Қазір ескі үйлердің төбесінің көгеріп немесе қарайғанын жиі байқаймыз. Бұл тыныс алу жолдарының ауруларына шалдықтырады. Көпшілігі мұны ескермейді.

Тағы бір есте сақтайтын нәрсе – баспамен ауырған науқасты мүмкіндігінше оқшаулап, оған бөлек ыдыс, сүлгі беру керек. Тамақтанғаннан кейін ыдысты мұқият жуып, 10-15 минут суға қайнатып алған жөн. Ал дәрі-дәрмекті өз бетінше қабылдауға болмайды. Оны науқастың жағдайы мен баспаның түріне қарай дәрігер тағайындауы керек.

Бронхит неден пайда болады?

Бронхит — төменгі тыныс жолдарының қабынуы. Бронхит болғанда жөтелде шуыл пайда болады, ауыздан сілекей немесе қақырық жиі түседі. Бұл әдетте вирустан пайда болады, сондықтан науқасқа антибиотиктер беруге болмайды.

5 жасқа дейінгі балалардың тыныс алу жүйесі өте әлсіз. Сол үшін кез-келген жоғары тыныс алу жолдарының инфекциясы балалардың бронхтарының (бронхит) қабынуына себеп болады. Егер отбасында біреу темекі шегетін болса, ауа арқылы таралған темекі түтіні балада бронхиттің пайда болуына ықпал етеді.

Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Сондай-ақ, ескі үйлердің қабырғалары қарайып, көгеріп тұрады. Бұл зиян. Көгерген үйдің споралары бөлініп, тыныс алу жолдарының ауруларына жиі шалдықтырады.

Қандай белгілер кездеседі?

Бронхиттің жедел және созылмалы түрі бар. Жедел бронхитпен ауырғанда науқас тоңады, жиі есінейді, басы ауырады, даусы қарлығып, кеңірдегі жыбырлап, әуелі құрғақ, кейін қақырық араласқан жөтел жиі пайда болады. Дене температурасы көбіне қалыпты жағдайда сақталады. Жедел бронхит негізінен 1-3 аптада толықтай жазылып кетеді.

Жас балалар мен қарияларда бронхиттің жедел түрі өте ауыр өтеді, тез ем қолданбаса, созылмалы түрге айналады. Созылмалы бронхит — ұзақ уақыт шаң-тозаң, улы газ жұтқаннан, темекі тартқаннан, созылмалы өкпе ауруларының әсерінен өкпеде көп уақыт қан ұйып қалуының салдарынан дамиды. Науқас үнемі жөтеледі, кейде құрғақ, кейде сарғыш-жасыл түсті қақырық түседі. Жөтелдің жиілігіне байланысты кеуде шаншиды. Дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болады. Ауру асқынған кезде жатып емделу керек, науқас жатқан бөлменің ауасы құрғақ, таза әрі жылы болуы қажет.

Бронхиттің алдын алу үшін мына әдеттерден арылған жөн:

— жұмыс орындарының шаңдануы және газға толуы;

— тоңу;

— темекі тарту;

— алкогольді шектен тыс тұтыну.

Фото ©Асия Смайыл, baribar.kz

Бронхиттен емделу кезінде тынығу, С дәрумендері бар ас ішу, таза ауада серуендеу, тынығу маңызды. Тыныс алу жолдарының аурулары асқынып кетсе, адам өміріне қауіп төндіреді. Өкпенің қабынуы пневмания, туберкулезке әкеп соқтыруы мүмкін. Сол үшін суық тигізген кезден бастап міндетті түрде дәрігерге көрінген жөн. Өз бетінше ем қабылдау одан сайын асқындырып жібереді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.